$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Полиция құрамында есірткі бар алты мың таблетка мен ампула тәркіледі

AstanaTV
14.11.2023ж. 21:28
881
Полиция құрамында есірткі бар алты мың таблетка мен ампула тәркіледі

Ішкі істер органдары республика бойынша “Дәрмек” кең ауқымды жедел-алдын алу шарасын өткізіп жатыр.

Оның мақсаты – дәрілік заттардың заңсыз айналымға кетпеуін, контрабандалық жолмен таралмауын қадағалау, болған жағдайда – жолын кесу.

Полицейлер есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдарды, дәлірек айтқанда, медициналық мекемелерді, дәріханаларды, қоймаларды, өнеркәсіптік кәсіпорындарды және басқа да объектілерді тексеруді бастады. Рейдтің алғашқы күнінде аталған салада 11 қылмыс пен 63 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Әкімшілік жауапкершілікке 63 адам тартылды, оның ішінде 11 медицина қызметкері бар.

Дұрыс сақталмаған, құрамында есірткі және психотроптық заттар бар алты мыңға жуық таблетка мен медициналық препараттардың ампулалары тәркіленді. 13,4 тоннадан астам прекурсорлардың айналымы лицензиялық нормалардың және оларды сақтау қоймаларының техникалық жағдайлары талаптарының бұзылуына байланысты шектелді. Мысалы, Атырау облысында компаниялардың біріне жүргізілген тексеру барысында техникалық талаптардың бұзылуы, яғни күзет-дабыл жүйесінің және терезелердегі темір торлардың жоқтығы анықталды.

Онда болған 7,3 тонна прекурсор пломбаланып, арнайы орынға сақтауға тапсырылды.