Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қостанай облысында 6 баланың анасы қайырымды жандардың көмегіне мұқтаж

AstanaTV
02.12.2016ж. 20:00
2119
Қостанай облысында 6 баланың анасы қайырымды жандардың көмегіне мұқтаж

Қостанай облысы Затобол кентінде тұратын күміс алқа иегері 27 мың теңгеге күн көріп отыр. 6 баланың анасы жалғыз бөлмені жалдап тұрады. Үй кезегіне тұрайын десе, аудан орталығында тіркеуі жоқ. Жәрдемақы мен әлеуметтік көмекке әрең күн көріп отырған көп балалы ананың тауқыметі туралы Заңғар Санай тарқатады.

Заңғар Санай, тілші:

Алтыншаш Байбосынова 6 баласымен бірге тар бөлмеге осыдан жарты жыл бұрын қоныс тепкен. Жалғызбасты ана жалғыз бөлмені 16 мың теңгеге жалдайды. Балаларының жәрдемақысын түгел шағын үйдің қожайынына төлеп отыр.

2 жыл бұрын күйеуінен ажырасқан ол бар қиындықты жеңуге бел буып, алыстағы ауылдан аудан орталығына  көшіпті. Жаздан бері отбасындағы 7 адам 20 шаршы метр шағын үйді паналап отыр. Қыстың қатты суығы қабырғасы жұқа, едені тақтайсыз тар бөлмені жылытуға мүмкіндік бермейді. Көп балалы ана балаларды ауру қылып аламын ба деп алаңдайды.

Алтыншаш Байбосынова, көп балалы ана:

Ертең қатты қыс болғанда, көмір-отын жоқ. Қатты суықтар болған кезде үй жылымайды. Қанша жақсам да. Қыс қалай боларын білмеймін. Балаларым жиі ауырады. Осы балаларымнан қорқам енді.

Кент тұрғыны талай мекеменің табалдырығын тоздырып, көмек сұрағанын айтады. Көп балалы анаға билік партиясының аудандық филиалы қол ұшын созып, қолдау көрсеткен. Тіпті, тіркеуі жоқ балалардың мектепке қабылдануына көмектесіп, қажетті құрал-жабдық алып берген.

Қайрат Оспанов, «Нұр Отан» партиясы Қостанай аудандық филиалы төрағасының  бірінші орынбасары:

Тамыз айында көп балалы ана біздің «Нұр Отан» партиясының филиалына жүгініп, мәселесін  айтты. Біз білім бөлімі мен мектеп басшылығымен  сөйлесіп, жалғызбасты анаға көмектесуге тырыстық. Қазір оның 6 баласы Наушабаев атындағы мектеп-гимназияда оқып жүр. Алдағы уақытта біз бұл кісінің жағдайын бақылауда ұстаймыз. Тіпті материалдық  тұрғыдан немесе азық-түлікпен болса да, көмек көрсетуге дайынбыз.

Затобол кенті әкімдігіндегілер де әлеуметтік жағдайы төмен отбасының хал-ахуалынан хабардар. Олар көп балалы ананы жылы жатақханаға орналастыру жағын қарастырып жатырмыз дейді.

Зәуреш Тұрсынбаева, Затобол кенті әкімінің орынбасары:

Байбосынова Алтыншаш бізге келді жұмыс іздеп. Біз оған қазіргі қысқы мезгілге жұмыс бере аламыз. Тек оған  келіп арыз жазу керек.

Білікті заңгер Дәурен Рахаделов тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес тұрмысы нашар тұрғындарды баспанамен қамтуға басымдылық берілетіндігін айтады.

Дәурен Рахаделов, заңгер:

Бұл отбасы аз қамтылған отбасыға жатады. Сондықтан ҚР тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар. Ол үшін құжаттарын жинап кезекке тұруы тиіс.

Кезекке тұру үшін керек құжаттарды тапсырғанымен, көп балалы ана көпке дейін тар бөлмені паналауы мүмкін. Өйткені жергілікті әкімдіктің теңгерілімінде тегін берілетін бос үй жоқ. Баспанадан тарыққан отбасы қайырымды жандарға үміт артады.

Заңғар САНАЙ