Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Павлодар облысындағы дауыл шенеуніктерді де шайқап, біреуі орнынан «ұшып» кетті

AstanaTV
21.11.2023ж. 11:56
588
Павлодар облысындағы дауыл шенеуніктерді де шайқап, біреуі орнынан «ұшып» кетті

Өңірде төтенше жағдай жарияланды.

Кеше облыс әкімдігінде өңір басшысы Асайын Байханов сенбіден жексенбіге қараған түні болған дауылдың салдарын жою бойынша жиналыс өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

18-19 қарашада Павлодар облысының аумағында кейбір жерлерде екпіні 37 м/с-ге жеткен қатты дауылды жел тіркелді. Соның салдарынан облыстың үш қаласында, сондай-ақ Баянауыл, Павлодар, Шарбақты, Май, Успен, Аққулы аудандарындағы 83 әлеуметтік нысанның шатырлары ұшып кетті. Олардың ішінде 61 мектеп, 10 аурухана, 9 мәдениет үйі және 3 спорт кешені бар. Сонымен қатар, қатты жел 63 көпқабатты және 84 жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келтірді.

Зардап шеккен қалалар мен аудандардың әкімдіктері төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың отырыстарын өткізіп, табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы ТЖ жариялау туралы шешім қабылдады. Қазір келтірілген залалға бағалау жүргізіліп, нысандарды қалпына келтіру үшін мердігер ұйымдар тартылды.

Электрмен жабдықтау желілерінде 246 апаттық өшіру болды. Электр желілерінің 100-ден астам бағанына зақым келді. Осы уақытқа дейін облыстың 3 ауданындағы 18 ауыл жарықсыз отыр. Осыған байлаысты Асайын Байханов электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіретін жауапты құрылымдардың жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалады. Ол «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемельге жағдайды өзі қадағалап, бағынышты ұйымдардың кемшіліктерін барынша жедел түрде жоюды тапсырды.

Үшінші күн 18 ауылдың тұрғындары электр қуатынсыз отыр. Бұл дегеніміз, үш күн бойы оларда жарық жоқ, байланыс жұмыс істемейді, ал кейбірінде су жоқ. Көптеген ауыл тұрғыны ұзақ жанатын пештерді және ұңғымаларға арналған сорғыларды пайдаланады. Электр қуатынсыз олар жұмыс істемейді. Қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды және басқа да ұйымдарды тартуды тапсырамын. Егер қолдарыңыздан келмей жатса, бізден көмек сұрау керек, – деді облыс әкімі «Павлодарэнерго» АҚ басшылығына.

Өңір басшысы қала, аудан әкімдеріне және бірқатар жауапты облыстық ведомстволарға қатаң талаптар қойды. Жиналыс барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салханов өзіне сеніп тапсырылған саладағы жұмысты әлсіз ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды. Тағы бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктердің өз лауазымдарында қалуы олардың берген тапсырмаларды орындау қорытындыларына байланысты болады.