Бір жылда денсаулық сақтау саласында да біраз өзгеріс болды. Жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңейді. Қазір елде 138 орталық жұмыс істейді. Онда 620 мыңнан аса адам тиісті қызмет алды. Ал, жалпы дәрігерлер 9 айдың ішінде 687 мың науқасқа қашықтан медициналық көмек көрсеткен. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді. Нәтижесінде, 13 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісі салынды. Тағы 86-ның құрылысы аяқталуға жақын. 4 көпсалалы аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 210 төсек-орындық емдеу-диагностикалық корпус, протон терапия орталығының құрылысы 90% аяқталды. Тағы 13 заманауи перинаталдық және онкологиялық орталық салу жоспарда бар. Салауатты өмір салтын дәріптейтін 500 мыңнан астам іс-шара мен тақырыптық дәріс өткізілді. Оған 2,4 млн адам қатысты.