Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ұлттық Құрылтайда айтылған Президент тапсырмалары қалай орындалуда?

21.11.2023ж. 20:00
652
Ұлттық Құрылтайда айтылған Президент тапсырмалары қалай орындалуда?

Келер жылы еліміздің барлық кинотеатрларына арнайы цифрлық жүйе енгізіледі. Бұл киногерлер мен кинотеатрлардың арасында байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ұсынысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың отырысында айтты. Президенттің өзге тапсырмалары қалай жүзеге асуда? Келесі бейнематериалда.

Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Жиын барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз.

Бүгінде Президент алға тартқан мәселелер біртіндеп шешімін табуда.

Мемлекет басшысы еліміздегі кино өндірісін сынға алған болатын. «Отандық киноның дамуына тың серпін қажет»,- деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуді тапсырды. Көп ұзамай құзырлы министрлік өкілдері бұл мәселені қолға алғанын жеткізді. Бұдан бөлек қолданыстағы Заңға қажетті өзгерістерді енгізу талқыланып жатыр.

Күміс СЕЙІТОВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ МӘДЕНИЕТ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Бұл цифрлық жүйе барлық еліміздегі кинотеатрлармен байланысты болады. Қай жерде қандай фильм көрсетіліп жатыр, оның сеанстары, оның сатылған билеті, неше адам барды, оның ішінде ересек адамдарға сатылған билет, балаға сатылған билет - барлығы сол жүйеге түсіп отырады. Қазіргі күні мүдделі мемлекеттік органдарда қауіпсіздік жағынан тест өтіп жатыр. 2024 жылы қолданысқа енеді.

Мемлекет басшысы кітап басып шығару ісіне де ерекше тоқталды. «Еліміздегі мектеп кітапханаларында көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз»,- деді. Бұған Қазақстан Жазушылар одағы белсене атсалысуы керектігін айтты. Одақ өкілдері өз кезегінде аталған мәселемен айналысып жатқанын жеткізді.

Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Білім министрлігіне біз 1000-ға тарта жазушылардың шығармаларын сараптап, министрлікке өткізгенбіз. Ендігі ұрпаққа жаңа дүниелер келеді. Мектеп бағдарламасына енуі керек осы дүние. Жаңа буын қалыптасты, жаңа жазушылар, жаңа әдебиет қалыптасты. Біз соларды көрсетуіміз керек.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қалалардағы су тапшылығы мәселесін атап өтті. «Бұл түйткілді жергілікті билік өкілдері түзету керек»,- деді. Бүгінде Алматы қаласында Ақсай және Қарғалы өзендерінде сүзгі станциялары салынып жатыр. Нәтижесінде 150 мыңға жуық адам ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Абай ТОПАРБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Биыл Медеу ауданының бір бөлігінде су тапшылығы болды. Бұл мәселені біз шешіп, 2024 жылға жер асты суларымен және жоғарғы суларын араластырып, су тапшылығын шешу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Алматы қаласының 99,2 пайыз халқы сумен қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек Ұлттық Құрылтайда Президент мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру мәселелеріне де тоқталды. Ол шекаралас аймақтарды дамытып, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде маңызды мәселелерді қозғап, тың бастамаларды ұсынды. Қазір бұл бағыттар бойынша да нақты шаралар жүзеге асырылуда.