$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Жаяу жүргінші жолағынан өтудің өзі қорқынышты", - тұрғын

24.11.2023ж. 20:00
843
"Жаяу жүргінші жолағынан өтудің өзі қорқынышты", - тұрғын

"Жаяу жүргінші жолағынан өтудің өзі қорқынышты". Астаналықтар осылай деп шағымдануда. Бас қаланың қақ ортасындағы мектептің жанындағы көшеде бағдаршам түгілі жол ережесіне арналған белгілер жоқ. Тұрғындармен Дәрібек Бахытбек тілдесті.

Екі ай бұрын қала тұрғыны Гүлнар Исмайылованың баласын осы жолдың бойында көлік қағыпты. Жүргізуші алды-артына қарамастан қашып кеткен. Абырой болғанда баласы дін аман. Сол оқиғадан кейін ұлын мектепке жетектеп өзі апарады.

Гүлнар ИСМАЙЫЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қыркүйектің аяғында кіші балам мектепке келдім деп маған звандайды жылап. Мені машина соқты дейді. Мен сол уақытта жұмыста отырғам. Сосын 109 ға звандадым, 102 ге звандадым. Мұнда переклюсткада камера ештеңе жоқ.

Бұл бір ғана оқиға емес. Оған дейін де екі дерек тіркелген. Қазір бала түгілі ересектердің өзі бұл көшеден жанын шүберекке түйіп өтеді. Кейбір жүргізушілер жаяу жүргінші жолағын елемейтін көрінеді. Тұрғындар бұл мәселемен жауаптыларға бірнеше рет шағымданған. Бірақ мардымды жауап алмаған.

Шолпан ТІЛЕУЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өтінішке де жаздық. Уже бәріңе де шығып жатырмыз. Ешқандай мектептің сайтына да жаздым лично өзім. Ешқандай не болып жатқан жоқ. Осы жерге бізге светофор қойып берсе деп сұраймыз.

Айдос СЕРІКҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қараңыздар өте үлкен жолдың екі двух стронный жол. Екі жағынанда көлік көп жүреді. Ортасында жүргінші жол бар төрт жақтан да жүреді. Сондықтан өте күрделі мәселе. Міндетті түрде қойылу керек бағдаршам.

Жауаптылар жол қауіпсіздігіне қатысты белгілер орнатылатындығын айтты. Ал бағдаршам 2027 жылдың жоспарына енгізіліпті.

Гүлмира ШРАХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БӨЛІМ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Балалардың жарақаттану алдын алу мақсатында Бөлекпаев пен Әзірбаев көшесі бойынша жылдамдық режимін 40 км сағатқа дейін төмендете отырып жүргізушілердің назарын аудару үшін ашық сары фонда үлгі схема бойынша тиісті жол белгілерін орната отырып жылдамдықты мәжбүрлеп төмендету үшін жолдың бетіне жасанды бедерлер және жаяу жүргіншілер өткелін орнатуға нұсқама жіберілді. Бүгінгі таңда мердігерлік ұйым дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Бағдаршамның әзір болмайтыны белгілі. Тұрғындар жаңадан орнатылатын жол белгілері көлік жылдамдығын азайтуға сеп болар деген үміттенуден басқа амалдары жоқ.