Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Елімізде ақылы жолдар көбейеді

AstanaTV
28.11.2023ж. 10:54
550
Елімізде ақылы жолдар көбейеді

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев үкімет отырысында елдегі ақылы жолдар желісін кеңейту жоспарына тоқталды.

Министрдің сөзінше, жыл сайын еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға 60 млрд теңге көлемінде қаржы қажет. Осы орайда ол республикалық бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында ақылы жолдардың көлемін кезең кезеңімен енгізіп жатырмыз деді.

"Қазір 3 мың 200 шақырымда ақылы жүйе енгізілген. 11 айдың қорытындысы бойынша 26 млрд 500 млн теңге қаражат түсті. Келесі жылы қосымша 1 мың 200 шақырымға ақылы жүйе енгізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы 2029 жылға дейін реконструкциялау жұмыстарының аяқталуына қарай, мұндай жолдардың көлемі 11 мың шақырымға жеткізіледі".
Марат Қарабаев

Бұл ретте оның сөзінше, Қазақстандағы ақылы жолдар тарифтері, жақын және алыс шет елдермен салыстырғанда ең төмен.

"Кейінгі уақытта транзиттік ағынның өсуіне байланысты, жөнделген жолдарды нормативтік жағдайда сақтау үшін, жол ақысын қайта қарау бойынша жоспарлы жұмыс істеліп жатыр. Ақылы жүйе бірінші кезекте транзиттік көлік құралдарынан қаражат жинауға бағытталғанын ескере отырып, отандық тасымалдаушылар үшін ай сайынғы және жылдық абоненттік төлем көзделген", - деді Көлік министрі.