Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

"Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі", - Президент

28.11.2023ж. 20:00
612
"Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттың бірі", - Президент

Биыл Африка елдері мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық 568 миллион долларға жетті. Ал былтыр тауар айналымы 1 миллиард доллардан асқан. Осыдан-ақ қос тараптың экономикалық өсімі жоғары екенін аңғаруға болады. Енді еліміз Қытай, АҚШ, Ресей секілді алпауыт елдермен қатар осы континентпен де ынтымақтастықты нығайтуға баса мән береді. Бүгін елімізге алғаш рет Того Республикасының Президенті келді.

Бұл -Того Республикасынының Президенті Фор Эссозимна Гнассингбенің қазақ жеріне алғаш келуі. 7 жарым мыңнан астам шақырымды артқа тастап келген қадірлі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ыстық ықыласпен күтіп алды. Қос тарап бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, екі елдің әнұраны шырқалды.

Келер жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 10 жыл толады. Қазірдің өзінде Біріккен ұлттар ұйымы және Африка одағы сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде ықпалдастық орнатқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Того Республикасының Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің сапарыңыз екі елдің арасындағы қарым-қатынасына ерекше серпін береді деп ойлаймын. Сондықтан бұл сапардың мән-мағынасы өте жоғары. Сондай-ақ, қазіргі құбылмалы әлемде орта көлемдегі, яғни шағын елдердің халықаралық аренадағы рөлін және іс-әрекетін күшейту керек деген ортақ пайымға келдік.
Президент Фор Гнассингбе қонақжайлық үшін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтты.

Фор Эссозимна ГНАССИНГБЕ, ТОГО РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Мен Сізге және барша Қазақстан жұртшылығына Того халқының ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Екі елдің игілігі жолындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін зор мүмкіндік бар.
Кездесу барысында қос тарап алда атқарылатын негізгі салаларды айқындады. Тау-кен индустриясы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, туризм, білім беру салаларында ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Қазақстанның Тогодағы Құрметті консулы лауазымына лайықты кандидатты анықтауды ұсынды. Мұндай қадам екі ел арасындағы В2В форматындағы байланысты дамытады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Мароккодағы елшіні Тогоға елші ретінде жібереміз. Бұл елдеріміздің арасындағы дәнекер ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, алдағы уақытта сіздің еліңізге сауда делегациясын жіберу ойымызда бар.
Екі ел бір-бірінен алыс жатса да, ұқсас тұстары өте көп. Екеуі де көпэтносты және көпконфессиялы құрылымымен ерекшеленеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – біздің сыртқы саясаттағы негізгі бағыт екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Достық пен өзара қолдауға негізделген ынтымақтастық нығая түсті. Қазір оны тың қарқынмен дамыта түсуге мол мүмкіндік бар. Жаңа ғана осы мәселені талқылап, маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Мұның бәрі саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да саладағы байланысты жандандыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Того елін азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше болуға шақырды. Сондай-ақ, екі елдің темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау, өндіру және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Фор Гнассингбе Тогоның Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөліп отырғанын және стратегиялық серіктестікті өңіраралық қана емес, құрлық деңгейінде дамытқысы келетінін айтты.

Фор Эссозимна ГНАССИНГБЕ, ТОГО РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгінде Қазақстанның Тогоға астық жеткізу мүмкіндігі мол. Қазақстан цифрландыру саласында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Біз де өз елімізде цифрландыру жобаларын іске асырып, осы бағыттағы ынтымақтастықты жолға қоюға ниеттіміз. Бұл тұрғыдан сіздерден үйренеріміз көп.
Қазақстан кәсіпкерлері Тогоның тау-кен өндірісін зерттеуге дайын. Сарапшылар бұл екі елдің экономикалық әлеуеті арттырады деп пайымдап отыр.

Алижан ОМАРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Того мемлекетінің негізгі импорттаушы заты мұнай. Сондықтан бізге мұнай шығарушы, мұнай экспорттаушы ретінде бүл да бір нарық. Біз Африка мемлекеттеріне бақылаушы мемлекет болып отырмыз бүгінгі таңда. Қасым-Жомарт Кемелұлының осындай дипломатиялық байланыстарды одан бетер нығайтуға бар күшін салып отырғанын байқауға болады.
Қос тарап келіссөздер барысында саяси диалогты жолға қояға, инвестициялық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, денсаулық сақтау, әскери өнеркәсіп бағытында өзара ықпалдастықты орнатуға ерекше назар аударды. Президент Того жастарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуды ұсынды.