$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО-дағы жолдың тең жарымында асфальт жоқ

30.11.2023ж. 20:00
747
БҚО-дағы жолдың тең жарымында асфальт жоқ

Олақ мердігер мен салақ басшының кесірінен батпаққа батып, бала-шағасымен жолда қалған батысқазақстандықтар әлеуметтік желіде араша сұрап жатыр. Өйткені мердігер компания жолды салмай, сол күйінде тастап кеткен. Енді кімнен көмек сұрарын білмеген ауылдықтар көлігін шырмаған "бауырмал" батпақты видеоға түсіруден басқа амалы қалмағанын айтады.
Бұл - Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданының Қособа ауылы. Мердігердің бар жұмысы жолдың беткі қабатын қырумен тәмам болыпты. Енді күздің қара жаңбырында мынадай батпақта трактордан басқа техника жүре алмайды. Өңірдегі Жаңақала ауданында да дәл осы жағдай.

Айболат БӨКЕНОВ, ТҰРҒЫН:
Тендерді тамыз айында өткізді. Сосын бір ай құжатын жасап болмай, тағы ұстаған екен. Бұл енді әкімияттың кінәсі. Мысалы, мердігер келеді де жол салады сосын мына ауа райымен бітіре алмаймыз дейді жаңбыр жауып кетті деп. Сосын келесі жылға қалады. Сосын аллауакпар жол жоқ деген сөз ғой. Келесі жылы келеді, материал қымбаттап кетті, бар ақша жетпейді дейді. Содан халық зардап шегеді.
Ал шенеуніктер тендердің уақытылы өткізілетінін, мердігердің алдын ала дайындалып, материал жинауына мүмкіндік берілетінін айтып сендірді. Бірақ соның өзінде үнемдеуден ұялмай, жұмыртқадан жүн қырыққан пысықтардың кесірінен жаңа жолдың өзі сапасыз болып шығыпты. Енді қарашаның қара суығында кемшілікті түзеу мүмкін болмай тұр.

Әлия ҚАБЕНОВА, БҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Сапасыз орындалған жұмыстарға ақшаларын төлемей отырмыз. Қайта жасауға мүмкіндік жоқ. Өзіңіз ауа райын көріп отырсыз. Қазір ол асфальтті алып, қайта салуға мүмкіндік жоқ. Енді оны келесі жылға аударамыз. Қалай болғанда да келесі жылы ауа райы қолайлы болған уақытта асфальтты алып, қайта салудың мүмкіндігін қарастырамыз.
Сарапшылардың айтуынша, жолға төселер құрылыс материалдарының тең жартысы талапқа сай емес. Бірақ мердігерлер мұны мойындамайды. Түрлі сылтау айтып, жауапкершіліктен қашатын көрінеді.

Абылайхан АЛШЫНБАЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ» РМК БҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
300-ге тарта тексеру жүргізіп, 800 сынама алдық. Бірақ жолға пайдаланылатын материалдың 50% талапқа сай емес. Мұны мердігерлерге ескерттік. Өйткені жолдың сапасы бәрімізге маңызды. Бірақ кейбірі өзінікін дұрыстап, қарсы шығады. Сосын тіпті Астана қаласындағы зертханаға жүгіндік. Олар біздің дұрыстығымызды дәлелдеп берді.
Өңірдегі 6 мың шақырымнан асатын көлік жолының тең жарымынан астамында асфальт жоқ. Биыл соның 615 шақырымын түзеуге 81 млрд теңге бөлінген. Шенеуніктер бөлінген қаржы уақыты игерілді деп жұбатқанымен, сапасы қалай болары белгісіз. Ал жолда қалған ауылдықтар ашуын әлеуметтік желіде төгіп жатыр.