Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 4 мыңнан астам қоңырау түскен

AstanaTV
01.12.2023ж. 20:00
809
Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 4 мыңнан астам қоңырау түскен

Жыл басынан бері тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты 4 мыңнан астам қоңырау түскен. Бұл тек Астана қаласы Алматы ауданында тіркелгені. 1600 адам уақытша ұстау бөлмесіне қамалса, 2900 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тілшілеріміз "Қауіпсіз қоғам" жобасы аясында рейдке шықты.

Жыл басынан бері "Жастар Рухы" Жастар қанаты Астана қалалық филиалы Алматы аудандық полиция басқармасымен бірігіп қоғамдық тыныштықты сақтау бойынша 11 шара өткізген. Бұл жолы да "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық акциясы аясында бұған дейін бірнеше рет жанжал шығарған отбасыға барып, олардың жағдайымен танысты.

Жүнісбек ҚАЛИЕВ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БЕЛСЕНДІСІ:

Бүгінгі таңда біз Алматы аудандық полиция басқармасы және қалалық полиция департаментімен біріге отырып, әр күн түрлі-түрлі рейдтерге шығудамыз. Мерзімінен ерте босатылып шыққан тұлғаларды аралаймыз, олар түнгі уақытта үйде отырады ма, отырмайды ма? Және де мысалы, тұрмысы қолайсыз отбасыларға күнделікті, оларға мысалы, көп ішімдік ішкен отбасылар немесе баласына дұрыс қарамаған отбасылар, соларға біз сондай тәрізді рейдтерге шығудамыз.

Мына отбасында да жанжал жиі болатын көрінеді. Бұл азаматша бұрын күйеуінің барлық ісіне кешіріммен қарағанын айтады. Он шақты күн бұрын шыдамы таусылғасын шағым түсірген. Арнайы рейд барған кезде жолдасы жұмыста болып шықты.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Иә, осы жерде ұрып-сүйреп, мына коридорға сүйреп, мына көрші әйел бар мына сосед, сол әйел келіп ажыратқан. Айқайлағам көмектесіңіздерші деп. Он күн қамалды, содан келді, қатесін түсініп, кешірім сұрап. Қазіргі уақытта тыныш.

Үйден шыққанымыз сол еді Жансүгіров көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бірінен учаскелік полицейге қоңырау түсті. Жолдасына шағым түсірген әйел оның масаң күйде үйге келіп, балаларының мазасын алғанын айтқан. Отбасылық жанжал басталмай тұрып жеткен тәртіп сақшылары құқық бұзушыны өздерімен бірге ала кетті. Наркологиялық диспансерге жатқызылды.

Мұхан ЖАНАСОВ, АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:

Бұл шетел азаматы, Өзбекстан Республикасының азаматы. Бірақ жұбайы Қазақстанның азаматы. Енді бұл кісіні әрі қарай шара қолдану үшін Алматы аудандық полиция басқармасының көші-қон бөліміне жеткіземіз.

«Жастар рухы» Жастар Қанаты Атырау облыстық филиалы белсенділері

қоғамдық орындардағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті насихаттауда. Облыста соңғы 10 күнде 300-ден астам жаяу жүргінші белгіленбеген жерден өткен. Ал 75 жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермеген. Тағы 13 жүргізуші ішімдік ішіп алып, автокөлік басқарған.

Ерсін ҚОЖАХМЕТОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Іс-шара кезінде үш мың жарымға жуық хаттама жасақталды. Оның ішінде жүргізуші құқынан айырылған 612 баптың 3-бөлігімен, ішімдік ішкен күйінде автокөлік бастаған жүргізушілер анықталды. Жаяу жүргіншілерге жол бермегендер болды. Әртүрлі бағытта жұмыстар жасалды.

«Жастар рухы» белсенділері 20 мекемені аралап, 600-ден астам тұрғынды ақпараттандырған. 7 құқық бұзушылықты тіркепті.

Абылай ҚҰРМЕТҰЛЫ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ АОФ ТӨРАҒАСЫ:

Көбі 18 жасқа толмаса, түнгі 11-ге дейін жүруге рұқсат етілген деп есептейді екен. Ал біздің заңдылығымыз негізінде кешкі 10-нан кейін ойын сауық орталықтардың ішінде болмайды екен. Ондай жағдайда бірден айыппұл салынатын болады.

"Жастар Рухы" Жастар қанатының белсенділері мен тәртіп сақшылар рейд кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 102-ге бірнеше рет қоңырау соққан отбасыларға түсіндірме жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге ескертпе қағаздарын таратты.