Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Атырауда базарда жүрген егеуқұйрықтар жұртты шошытты

01.12.2023ж. 20:00
711
Атырауда базарда жүрген егеуқұйрықтар жұртты шошытты

Атырау базарында жүрген егеуқұйрықтар жұртты шошытты. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода «Сарайшық» коммуналдық базарында бір емес, бірнеше кеміргіштің емін-еркін жүргені анық көрінеді. Видеоны көрген жұрт азық-түлік алуға қорқып қалғанын айтады. Базарда санитарлық талап сақталмаған ба? Мамандар не дейді? Тілшіміз тілдесіп қайтты.

Бұл – «Сарайшық» коммуналдық базарының жеміс-жидек бөліміне кіретін артқы есігінің тұсы. Егеуқұйрықтар халық тараған кезде серуенге шыққан сыңайлы, қуыс-тесікті аралап, емін-еркін жүр. Алайда базар басшысы мен саудагерлер сауда орнында бір де бір кеміргіш жоқ деп азар да безер. Сатушылар азық-түліктің айналасына тышқанға арналған желім қоятынын айтады. Қақпанға әлі бір де бірі түскен жоқ,- деп сендірді.

Салтанат КЕНЖЕҒАЛИЕВА, КӘСІПКЕР:

Бұл қақпанды өзім үшін қойып тастамын, тамақ болған жерде. Бірақ іште ондай ештеңе жоқ. Қарап тұрмыз ғой. Ұндарымыз, күріштеріміз тұр. Ондай ештеңе жоқ.

Сауда орны басшысының айтуынша, базар аумағында кеміргіштер қараша айының басында күн жылынып, жаңбыр жауған кезде пайда болған. Оның үстіне коммуналдық қызмет 8 күн бойы қоқысты алмай қойғаны себеп,- дейді. Қазір қоқыс орны өзгерген. Дегенмен кеміргіш індері көзге бірден түседі.

Қадырғали ТҰРҒАНОВ, «САРАЙШЫҚ-АТЫРАУ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

8 күн бойы қоқысты алмай, бірнеше рет басшылардың орынбасарларына, диспечерлерге шықтық. Бірақ қоқыс алынған жоқ. Соның кесірінен манағы айтқан егеуқұйрықтар , пайда болды. Қазіргі уақытта дала да көрінбейді, іште де егеуқұйрық, тышқандар көрінбейді.

Аптасына 3 рет қоқыс алуға міндетті «Арнаулы автобаза» мекемесі мамандарының да айтары бар. Қараша айы басында қар мен жаңбыр кезек жауып, әбігерге салған кезде жұмысшыларды қала тазалығына жұмылдырдық,- дейді. Сондықтан қоқысты уақытылы алып үлгермеген. Дегенмен кәсіпкерлер тек келісім-шартта жоқ, қоқыстарды да тастайтынына наразы.

Алмас ІЗТІЛЕУОВ, «АРНАУЛЫ АВТОБАЗА» ЖШС БАСШЫСЫ:

Біздің мекеме азық-түлік қалдығын қабылдамайды. Құрғақ қатты қалдық жинайды, пакетке байланған. Оларға айтып түсіндіреміз. Базардың аты-базар ғой. Ол жерде жеміс-жидек шашылып жатады жан-жағында. Біздің техника алу қиындық туғызады.

Бұл жағдайда эпидемиологтар да қауқарсыз. Куәгер электронды түрде арыз жазған жағдайда ғана жоспардан тыс тексеріс жүргіземіз,- дейді.

Әсем ЖҰБАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ- ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Сауда орындарының барлығы экпидемиологиялық маңыздылығы төмен нысандар қатарына жататын болғандықтан біз оларды жоспарлы тексермейміз. Е-өтініш базасы арқылы түссе біздер оған жоспардан тыс тексеріс ашып бара аламыз. Ал қазіргі жағдайда біздер оларды тексермейміз.

Мамандар соңғы жағдайдан кейін базардың іші-сыртын дизенфекциялау жұмысын жиілеткен. Айта кетейік, коммуналдық базар қала әкімдігінің теңгерімінде. Мұнда апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.