$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстанда сағат қашан ауысады?

01.12.2023ж. 20:00
6559
Қазақстанда сағат қашан ауысады?

Қазан айынан бері батыс жұрты сағат тілі ауысар күнді асыға күтті. Бұған 1 желтоқсан түнгі сағат он екіде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының уақыты елорда уақытына бейімделіп, бір сағат алға жылжытылады деген хабарлама отқа май құйды. Халық қараша айында ресми органдардан жауап күтсе де, сағаттың тілі не артқа, не алға жылжымады. Ал батыстағы бұқара жергілікті уақытты адамның биоритміне бейімдеп беруді сұрайды.

Орал тұрғыны Болат Шәкімов жергілікті уақытқа бейімделуді кезінде облысты басқарған 4 әкімге де айтыпты. Бірақ оның ұсынысың ешкім құп көрмепті. Мәселені жан-жақты зерттеген оның ойынша, еліміздің қазіргі уақыты Астанаға "бейімделген". Жергілікті ерекшелік ескерілмегендіктен, бұл - денсаулыққа зиян дейді.

Болат ШӘКІМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біріншіден, кісінің денсаулығына зиян келеді. Екіншіден, экономикаға зиян етеді. Біз мынауымызбен біздің Қазақстанды байқатпай, білдіртпей артқа тартып жатырмыз. Әрі халыққа денсаулығына зиян келтіріп жатырмыз. Мына темекі тартқанда, арақ ішкенде ол зиян келтіреді ғой. Ол моментально емес, постепенно. Сол сияқты. Бүкіл Қазақстанның уақытын бір сағат артқа жылжыту керек.

Сонда Оралдың уақыты реттеліп, өзінің уақыт белдеуінен адасып жүрген Алматы мен Астана секілді өзге өңірлердің де бағыты түзелер еді. Мұны ұстаздар да қуаттайды. Өйткені таң атпастан мектепке бару оқушы түгілі, үлкендерге де қиын һәм қауіпті.

Тілекқабыл НҰРЫШЕВ, №44 МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:

Таңертең күннің өте қысқа болуына байланысты бала ерте кетеді сабаққа. Зейіні тұрақталмайды, ұйқысы қанбай келген балаға қандай білім беруіміз мүмкін? Сондықтан егер ол бір сағат кейін шегінетін болса, ол өзіндік деңгейде оқушылардың қауіпсіздігіне де, ұйқыларын қандырып, сабаққа сабаққа деген құштарлығын қандырып, білім сапасының артуына алып келеді деген ойдамын.

Ал ғылыми деректерде, адамға күн шықпастан ояну зиян екені айтылады. Өйткені бүкіл биосфера күн ырғағымен тіршілік етеді, биологиялық сағат та соған бағынады. Бұл ритмнің бұзылуы ағзаға зиян. Осыны алға тосқан қоғам белсенділерінің уақыт режимін өзгерту туралы ұсынысы әзірге нәтижесіз.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Аталған мәселе егжей-тегжейлі зерделеніп, сондай-ақ жұртшылықпен кеңінен талқыланғаннан кейін қабылданады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Белсенділердің айтуынша, сағатты ауыстыру үшін жергілікті әкімдер экономикалық пайдалы тұстарын тізген негіздемені үкіметке ұсынса жеткілікті. Бірақ ешкім асығар емес. Өйткені жергілікті халықтың қалауынан шығып, уақытты өзгерткеннен гөрі, астанаға бейімделген оңайырақ.