Жасөспірімдер арасындағы араздық жаппай төбелеске ұласты. Алматы облысында 100-ден астам оқушы бірін-бірі аяусыз соққыға жықты. Кей тұрғындардың айтуынша, бұл бұрыннан келе жатқан мәселе көрінеді. Олардың осыншалықты қатыгездік танытуына не себеп? Тілшіміз анықтап көрді.
Әлеуметтік желіде тараған бұл бейнежазбаны көріп, 90-шы жылдар қайта оралған ба деп қаласың. Жасөспірімдердің бірін-бірі жұдырықтың астына алып, тепкілегені дүйім жұртты дүр сілкіндірді.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Ел аузында жүрген жойқын төбелес дәл осы жерде болған. Оқушылар бұл алаңға сабақтан кейін шамамен түскі үштер шамасында жиналған екен. Әуелі ойын сауық құрып, футбол ойнаймыз деген балалар ақыр соңы қырық пышақ болыпты.
Жаппай төбелеске аймақтағы 4 білім ордасының оқушылары қатысқан. Алдымен Жәпек батыр ауылындағы № 51 мектептің 9 және 10 сынып оқушыларының арасында түсініспеушілік пайда болған көрінеді. Даудың басы да солар екен. Дәл осы мектептен жалпы 13 бала төбелесіпті. Бірақ жанжалдың нақты себебін оқытушылар дөп басып айта алмады.
Шапия БЕКТҰРҒАНОВА, №51 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Төбелесті бастап жүр, солардың кесірінен басталды деген екі бала бар – Алмас, Мадияр деген. Әр түрлі версиялары бар бұл жанжалдың. «Сен мені былтырғы жылы әңгіме қылғасын» деген әңгімеге тіреліп тұр. Ол қандай әңігем, кім туралы, не туралы болғаны белгісіз. Содан жанжал шығып кеткен. Кейбіреудері өздерінің не үшін барғанын білмейді. Қызық көру үшін барғанбыз, звондады, шақырды, кел деп айтты, группаға жазды деген сияқты әңгімелер.
Бірақ кейбір тұрғындар көршілес саяжайларда тұратын оқушылар арасында бұрыннан араздық бар екенін айтады. Мектепке, ауыл-аймаққа бөлінетін көрінеді. Бірақ бұған дейін мұндай жойқын төбелестер болмаған деседі.
Айнұр, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Жомарттықтар мен декабрьлықтар арасында ерегістер болып жүрген. Ұлдар арасында круг деген болады. Олар бөлінеді жомарттықтар, декабрьлықтар деп. Менсінбеушілік деген болады ғой, солай екі жаққа бөлінеді. Жомарттықтың бір баласы декабрьлыққа қосылғандықтан, араз туындаған ғой.
Жанжалды бастаған балалардың туғандарымен тілдесіп көрдік. Олар өз кезегінде перзенттерінің кінәсін мойындамай отыр.
Шерхан ӘБДІРАШИМОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Сыртта болмаса, бұзықтығы жоқ ол баланың. Ол тек қана күреске қатысып жүрген бала. Жақсы, өзіме жап-жақсы бала. Жаздай жұмыста болды өзі. Сабағы дұрыс. Өмірі төбелеске қатыспаған бала.
Оқушылардың ауыл-аймақ, тіпті, мектепке бөлінетіндігі туралы білім басқармасы бейхабар болып шықты. Бүгінде бұзақылыққа барған оқушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Зарина БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ІЛЕ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:
Төбелес салдарынан бір оқушымыз дене жарақатын алып, балалар ауруханасында ем алып жатыр. Жағдайы жақсы. Тәртіпке тартылады мектеп басшылары. Жаөспірімдердің арасында сондай келеңсіз жағдайларға жол бергені үшін. Алайда қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, біте салысымен, түсініктеме алынып, шара қолданылады.
Қазір оқиғаның-мән жайын құзырлы органдар тексеріп жатыр. Аталған дерекке қатысты ҚК-тің «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалды.