Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Шығыс Қазақстанда 12 вагон рельстен шығып кеткен

AstanaTV
08.12.2016ж. 20:00
2564
Шығыс Қазақстанда 12 вагон рельстен шығып кеткен

Шығыс Қазақстанда 12 вагон рельстен шығып кеткен. Семей-Шар бағытында орын алған төтенше жағдайға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұялы телефонға түсірілген мына кадрлардан рельстен шығып кеткен вагондарға көмір тиелгенін көруге болады. Жылжымалы құрам Ақтоғай стансасына кетіп бара жатқан. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, бір вагонның тіреуіштері сынып, вагондар рельстен шығып, салдарынан 400 метр теміржол төсемі бұзылған.

Алмаз Мекетаев, Семей станциясы желілік ІІБ тергеушісі:

12 вагонның екеуі бірінші арбамен бағыттан ауытқыған. Қалғандары түгелімен рельстен шығып кеткен. Қазір осы жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Шығын  көлемі анықталып жатыр.

Апат салдарынан бес пойыз жүрмей қалып, жолаушылар Шар мен Семей стансаларына автобуспен жеткізілген. «Қазақстан темір жолының» мәліметінше, оқиға орнында 70-тен аса маман мен екі қалпына келтіру пойызы жұмыс істеген. Қазір жол ашық.

Бұл теміржолда тіркелген бірінші оқиға емес. Бір ай бұрын «Саз» стансасында 12 вагон, шілде айында Ақтөбе облысында 22 вагон рельстен шығып кеткен еді. 

Саламат ОМАШ