Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Халықаралық еріктілер күнімен құттықтады.
5 желтоқсанда Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы X (Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақстандық еріктілерге үндеу жолдады.
"Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. "Адал азамат" тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар. Қоғамға пайдалы іс-шараларға атсалысатын, қайырымдылық жобаларын жүзеге асыратын және мұқтаж адамдарға қамқорлық танытатын барша азаматтарға алғыс айтамын. Сіздердің жасампаздыққа толы қызметтеріңіз – шынайы отаншылдықтың көрінісі. Мемлекет волонтерлерге қолдау көрсете береді", деген құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаев.
5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні. Экономикалық және әлеуметтік даму үшін Халықаралық еріктілер күні 1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 40-сессиясында бекітілген.