Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Қазатомөнеркәсіптің» трансформациялау бағдарламасы

AstanaTV
08.12.2016ж. 20:00
2082
«Қазатомөнеркәсіптің» трансформациялау бағдарламасы

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 2016 жылғы таза табысы өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе өсті. Өндірістік-қаржылық көрсеткіштерді сақтай отырып, 2025 жылға қарай пайданы одан да көбейту жоспарланып отыр. Компаниядағы трансформациялау бағдарламасын іске асырудың қорытындысы бойынша өткен жиында Асқар Жұмағалиев осылай деді.

2016 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясында өндірісті әртараптандыруға және тиімділікті арттыруға мықтап көңіл бөлінді. Автоматтандыру үдерісі жүріп «Камеко», «Росатом», «CGNPC» сияқты алпауыт компаниялармен тиімді келісімдерге қол қойылды. Басты жетістіктердің бірі - компания қытайлық серіктестермен бірге жылу бөлгіш құрамалар өндіретін зауыт құрылысы жобасын іске асыруға кірісті. Қытайдың атом электр стансаларына арнап жылына 200 тонна ядролық отын өндіретін болады. Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпірде белгілі болған еді.

Асқар Жұмағалиев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл өте маңызды зауыт. Ол бізге не береді? Бұрынғы кезде біз тек қана табиғи уран сататын едік. Енді зауыт салғаннан соң біз нағыз жоғары технологияларды бизнеске, нарыққа ұсынамыз. Қазатомпромның таза пайдасын екі жарым есеге ұлғайттық. Ол да үлкен нәтиже.

Компанияда атқарылған шаралардың бірі - маркетинг қызметін күшейту. Бұл еліміз үшін жаңа нарық болып табылатын Украинаға алғаш рет байытылған уран сатуға мүмкіндік тудырды. Сонымен қатар, трансформация аясында санды кеніш және жағдаяттық орталық жүйесі іске қосылды. Осының арқасында жабдықтарды диагностикалауға бұрынғыдай 2 апта емес, 2 күн жұмсалып, материалдар мен химиялық реагенттерді пайдалану 10 пайызға азайды. 2017 жылы бұл жүйе еншілес өндірістік кәсіпорындарға енгізілмек.

Руслан Еңсебаев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ трансформация және кадрлық саясат жөніндегі бас директоры:

Трансформациялаудың шешуші элементі - кадрлық саясат. Қызметкерлерді конкурстық іріктеуде жаңа ұйымдық құрылымның енгізілуі, кешенді білім беру бағдарламасының бекітілуі компанияға білікті мамандардың ағылуына септігін тигізеді. Бұл лайықты еңбек жағдайы мен жалақыны қамтамасыз етеді. Барлық бастамалар 26 жобаны қамтитын қоржынға енгізілді. Оларды жүзеге асыру 2018 жылға қарай аяқталады.

Тағы бір атқарылған шаруа. Өндірістің өзіндік құнын қысқарту жөніндегі кешенді шараларының есебінен 2016 жылы экономикалық тиімділік 13 миллиард теңгені құраған. Трансформация аясында жүзеге асырылатын жобалар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына 2025 жылға қарай 130 миллиард теңгеден астам экономикалық тиімділік береді деп жоспарланған.