$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жапонияда қоқыс жинаудан тұңғыш рет халықаралық жарыс өтті

AstanaTV
06.12.2023ж. 15:54
798
Жапонияда қоқыс жинаудан тұңғыш рет халықаралық жарыс өтті

Оған әлемнің түпкір-түпкірінен 21 елдің өкілдері қатысты. Тазалыққа ерекше мән беретін жапондар қоқыс жинауды енді жарысқа айналдырып, осылайша әлем назарын жаһандық проблемаға бұрғысы келеді. Бұл туралы хабар 24 хабарлайды. 

Әлем елдері тәжірибесінде қала көшелерінің тазалығымен арнайы сақшылар айналысады. Ал Күншығыс елінде бұл жұмыс тұрғындарға жүктелген. Өйткені жергілікті халық көшеде шашылған қоқыс көрсе, дереу жәшікке тастауды әдетке айналдырған.  Бұл – бұрыннан бар әдет. Енді міне қоқыс жинау спортқа айналды. Биыл тазалық жаршылары әлем деңгейінде сайыс өткізуді қолға алды.

Мицуюки Унно, сайысты ұйымдастырушы: - Чемпионаттың мақсаты – теңіз және мұхиттарды пластикалық қалдықтардан тазартуға адамдардың қызығушылығын оятуға әрі қоршаған ортаны таза ұстауға үгіттеу. Сондықтан бұл байқау қатысушылардың айналасын айнадай ұстауына, табиғат жанашыры болуға мүмкіндік береді.

Әлем чемпионы атану үшін бар-жоғы 90 минут ішінде көп мөлшерде қоқыс теру керек. Әр топ 3 кісіден жасақталған. АҚШ, Австралия, Франция сынды ірі державалар бақ сынаған бәйгеде Ұлыбритания командасы озық шықты. Тұманды Альбион тобы бір жарым сағатта жәшігін 57 келіге толтырды. Ал Жапония екінші орынға тұрақтаса, АҚШ командасы жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады.

Сара Пэрри, сайысқа қатысушы /Ұлыбритания/: - Чемпионатқа қатысу арқылы біз де «спогоми» спортының дамуына өз үлесімізді қостық. Әрі қоқыс жинауды спорт ретінде бағалап, Жапонияның мәдениетімен танысуға мүмкіндік алдық. Экологиялық ортаның қаншалықты маңызды екенін сезіне білдік. Біз үшін үлкен тәжірибе болды.

Чемпионат алғаш рет ұйымдастырылса да, қатысушылардың алған әсері айрықша. 2 күнге созылған байқауда Жер-Анаға құрметіміз артып, қоршаған ортаға шын жанашыр болуды үйрендік дейді Австралиядан келген қатысушы Петра Уильямс.

Петра Уильямс, сайысқа қатысушы /Австралия/: - Чемпионат бізді сынады, тәрбиеледі, бастысы Жер-Ананы қадірлеп, планетамызды қалдықтардан сақтауға үйретті. Жапониядан үлгі аларлық тұсымыз көп. Байқауға қатысу арқылы бұл елдің дәстүрімен, мәдениетімен жақынырақ таныстық.

Байқау барысында қатысушы командалар бас-аяғы 550 келіге жуық қоқыс жинап, тазалықтың тамаша үлгісін көрсетті. Енді бұл спорт кең етек жайып, әлем елдерінде де тәжірибеге енсе екен дейді ұйымдастырушылар. Ал келесі чемпионатты 2025 жылы тағы да Токиода өткізу жоспарда бар.