Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Бала күтімін 1 жарым жылға дейін ұзарту үшін бюджеттен 93 миллиард теңге бөлінеді

06.12.2023ж. 20:00
688
Бала күтімін 1 жарым жылға дейін ұзарту үшін бюджеттен 93 миллиард теңге бөлінеді

Елімізде ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері бекітілді. Келер жылдан бастап айлықтың ең азы 85 мың теңге болады. Зейнеткерлер кем дегенде 57 853 теңге алады. Ал төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңге болып бекітілді. Мемлекет басшысы «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды.

Республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толық іске асыруға бағытталған. Өңірлерді дамытуға 7 трлн теңгеден артық қаражат қарастырылған. Бұл – жалпы бюджет шығыстарының 30 проценті. Сонымен қатар, денсаулық сақтау жүйесі мен білім беру саласын дамытуға 4 трлн теңге жұмсалмақ.

Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Бюджетіміз 2023 жылы 22 трлн теңге болса, 2024 жылда осы деңгейде қалайын деп тұр. Бірақ басқа да бір үлкен жобаларды сәл кейінге қалдырып, әлеуметтік жағына көп көңіл бөліп, ең бірінші бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік жобалар, әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы көп балалыларға жәрдем, мұқтаж осал жандарға жәрдем оларға 10 пайызға көтеруді осы бюджетте қостық.

Индекстелген зейнетақы мен жәрдемақы төлемдеріне 5,4 трлн теңге қарастырылған.

Отбасыларды қолдау үшін бала күтімі мерзімі 1 жарым жылға дейін ұзартылды. Бұл үшін келесі жылға 93 млрд теңге жоспарланған.

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Қабылданған бюджеттің шығыстарының 40 пайызы әлеуметтік бағытқа ие болғандықтан, бұл әлемдік статистикада өте жақсы көрсеткіш. Көп мемлекеттер бұл көрсеткішке әлі жете алмай отыр. Біздің шығындарымыздың жартысына жуығы әлеуметтік бағытқа ие болуының өзі жалпы мемлекеттің бір табан халықтың жағдайына қарай шығуы, жалпы инклюзивті экономиканы ұнатуға деген бағыттың нақты көрсеткіші.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер туралы да заңға қол қойды. Қордан республикалық бюджетке жыл сайын 2 триллион теңге бөлініп отырады. Сондай-ақ келер жылы 1,6 триллион теңге республикалық ауқымдағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.