Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына жаңа өнер ордасын салуды тапсырды

06.12.2023ж. 20:00
653
Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына жаңа өнер ордасын салуды тапсырды

Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының ғимараты тозып тұр. Өңірге жаңа өнер ордасы салынуы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа жұмыс сапары барысында осындай тапсырма берді. Бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, инвестициялық жобаларды көрді. Сүндет Оралбек Президент сапарын сөз етеді.

Мына балғындардың көзінде от жанып тұр. Барлығы да чемпион атанып, көк туымызды көкте желбіреткісі келеді. Армандары ақиқатқа айналуы үшін спорт кешендерін көбейтуде. Әсіресе, Ақтөбеде футбол жақсы дамыған. Жергілікті клубты қолдайтын жанкүйерден оны анық аңғарып жүрміз. Мемлекет басшысы жас аяқдопшылармен бірге доп тепті, тіпті гол соқты.

Мемлекет басшысының сапары дәл осы Мәртек ауданы Саржансай ауылындағы спорт кешенінен басталуы бекер емес. Нағыз таланттар мен шеберлер ауылдан шығады. Қазір мұнда ауыл балалар спорттың бірнеше түрімен айналысуда. Жетістіктері жетерлік. Президент жас спортшыларды жігерлендіріп, спорттан қол үзбеу қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шын мәнінде спортпен міндетті түрде айналысу керек. Күрес деген нағыз қазақтың спорты. Енді әлем чемпионы болу деген міндет емес. Дегенмен, спортпен міндетті түрде айналысу керек. Жалпы үлкен азамат боласыңдар деп үміттенемін. Баршаңызға амандық, табыс тілеймін.

Бұл Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры. Ғимаратының әбден тозығы жеткен. Облыс әкіміне жаңа театр салуды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тахауи Ақтановтың 100 жылдығын атап өттік. Өзім Ақтөбе қаласына келіп тағзым еттім. Тахауи Ақтановтың туындылары қазақ әдебиетінде алтын әріппен жазылған тарих.

Мемлекет басшысы өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Аталған бастама қолға алынғалы облыс бойынша 1471 жобаға 6,6 миллиард теңге көлемінде несие берілген. Өңірде 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1000-нан астам адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 сүт өңдеу, 65 ет өңдеу фабрикалары іске қосылған. Президент іске асырылған жобалар мен ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесіп, бағдарлама аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Ауыл аманаты» бағдарламасы жақсы болып шықты. Өте тиімді екен. Бұл бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін барлық қолдауымызды білдіреміз. Ең алдымен заң үстем болуы керек.

Биыл облысқа 804 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ірі компания басшыларымен кездесіп, жобаларымен танысты. Сондай-ақ, облыс әкіміне тез арада экология мәселесін шешуді тапсырды.