Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Cенатор ақпараттық қауіпсіздік саласындағы проблеманы атады

AstanaTV
07.12.2023ж. 15:25
673
Cенатор ақпараттық қауіпсіздік саласындағы проблеманы атады

Біз еліміздің қорғаныс саласына қыруар қаржы бөлеміз. Ал ақпараттық қауіпсіздік мәселесі шешілмеген, қорғанысқа қанша қаржы бөлсек те, оның ешқандай пайдасы болмайды. Бүгін Сенаттың отырысында депутат Бибігүл Жексенбай осындай пікір білдірді.

Депутат цифрлық хабар тарату теледидарын енгізу мәселелеріне назар аударды. Қазақстанда тіркелген 83 телерадиокомпанияның 21-і республикалық деңгейде хабар таратады. Оның тек 15-і мультиплекске тегін еніп, қызмет етіп жүр. Ал қазақстандық көрермендерге ұсынылған шетелдік телеарналар саны 300-ге жуықтады. Жоспар бойынша 2015 жылы бүкіл еліміз аумағы цифрлы эфирлік теледидарға көшу ескерілген, бірақ жоба 10 жылға ұзартылды.

Сенатордың айтуынша, цифрлық технологиялардың арқасында облыс орталықтарында 30-ға дейін, шалғайдағы елді мекендерде 15 арнаға дейін хабар таратуға болады.

«Әзірге, мемлекеттік арналардан өзгелері үшін мультиплексте хабар тарату арман болып отыр. Өңірлік, шекаралық аумақтағы жекеменшік телеарналар одан орын ала алмайды. Себебі бағасы удай қымбат. Яғни, жекеменшік арналардың дамуына өзіміз кедергі жасап отырмыз», - деді Б. Жексенбай.

Депутаттың пікірінше, осы арада өзекті мәселе байқалып отыр. Бұл ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Шекаралас елді мекендерде шетелдік ақпарат көзі үйреншікті болған. Мемлекеттік телеарналарды қарамайтын көрермендер Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің телеарналарын күндіз-түні көріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіріп жатыр.

Сенатор көрші елдердің идеологиясы «сұр» табақшалар арқылы жас ұрпақтың санасына еркін әсер ететінін атап өтті.

«Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне дұрыстап назар аударатын кез келді. Қазір цифрлы эфирлік теледидарды Қазақстан халқының 92,66 пайызы көре алады. Алайда, еліміз цифрлы хабар таратуға көшкенімен, өңірлердегі жекеменшік телеарналар бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр. Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды. Идеология дегеніміз тек Астана, Алматыда ғана емес, күллі өңірлерде жүргізілуі тиіс», - деді депутат.

Бибигүл Жексенбай жеке арналарға мультиплекстің бағасын төмендетуді және шекара маңындағы елді мекендердегі отандық телеарналардың тізімін кеңейтуді ұсынды.