$518.97 €607.3 ₽6.64
×

«Қалыңдық ұзатылуға дайын, бірақ алатын жігіт жоқ»...

AstanaTV
10.12.2016ж. 20:00
1788
«Қалыңдық ұзатылуға дайын, бірақ алатын жігіт жоқ»...

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың теңеуінше, мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк жобалары «ұзатылуға дайын отырған қыздың» кебiн киiп отыр. Сейсенбідегі үкімет отырысында: «Мемлекеттік-жекеменшік əріптестік саласында шамамен 300-дей жоба бар екенін білдік. Баяндамаларыңыз əрине, жақсы. Дегенмен, "қалыңдық ұзатылуға дайын, бірақ алатын жігіт жоқ" дейді ғой. Тура соның кейпін киіп отырмыз»,- дейді үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Большая работа проделана. Видим, что около 300 проектов имеется, хорошие доклады. Но в то же время, айтады ғой, "қалындық ұзатуға дайын, бірақ алатын жігіт жоқ" Сколько лет об этом говорим, постоянно меняем законы. И все планы, планы, планы...

Премьер-министр мемлекеттік-жекеменшік əріптестік әсіресе балабақшалар  салуға қажет екеніне тоқталды. «Егер жоспар орындалса, 2017-2019 жылдар аралығында 1630 балабақша салады екенбіз»,- дей келе, Білім министріне қарап, «егер де осы балабақшалардың тым болмағанда жартысын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында сала алсақ, жөн болар еді. Бірақ, бұл салада қаралмаған əлі талай дүние бар» деп, мұң араластыра айтқан. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев болса, жекеменшік балабақшалардың тәрбиешілерін мемлекет есебінен оқытуға кірісетіндерін хабарлады. Оның есебіне қарасақ, 9,5 мың мектепалды мекеменің 2,5 мыңы жекенің қолында. Жекесін де, мемлекеттігін де қосқанда барлық тәрбиешінің ...65 пайызында педагогикалық білім жоқ. «Барлығы да біздің балаларымызды тәрбиелеп жатыр, сондықтан жекеменшік балбақшалардың тәрбиешілерін де оқытқан абзал»,- деді министр. 

Оқыту-тоқыту тақырыбымен ұштасатын тағы бір тема – мұғалімдерге жаппай ағылшынша үйрету. Бас аяғы бір-ақ айдай оқитын ұстаздар шәкірттерге ағылшынша сабақ беруге қауқарлы ма? Биылдан бастап 700-ге жуық мектепте информатика, физика, химия және биология пәндері ағылшын тілінде оқытылып жатыр. Білім жетілдіру курсынан өтіп, ағылшынша сабақ беруге кіріскендердің бірі атыраулық Лаура Хасенова. Оған жеңілдеу, себебі негізгі мамандығы ағылшын тілі мұғалімі, екінші мамандықты сосын алған. Қазір қазақ және орыс сыныптарына географиядан сабақ береді. Ұстаз уақытының көбі оқулықты ағылшын тіліне аударумен өтіп жатқанын айтады – себебі оқулық жоқ.

Лаура Хасенова, география пәнінің мұғалімі: 

Мектепте әлі күнге дейін ағылшын тілінде кітаптар жабдықталмаған. Әлі қазақ сыныптарында да, орыс сыныптарында да. Кітапты тек қана өзіміз аударып, балаларды оқытып жатырмыз. Әзірше біздер лекция күйінде жүргізудеміз. Балалар 100 пайыз түсінбесе де 80-90 пайыз түсінеді деп ойлаймын.

Олжас Молдабаев, оқушы: 

Қиыншылығы  бір жағынан, ағылшынша  есептер келеді, соны түсінбейсің мысалы, физикадан мысалы, өте қиын болады. Сол қиыншылығы, географияда да сондай.

Мынау 1400-ге жуық оқушы білім алатын Тараздағы маңдай алды мектептердің бірі. 138 жылдық тарихы бар оқу ордасындағылар мұндай реформа үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген деп отыр. 3 айдан бері физика пәнін ағылшын тілінде оқытып келе жатқан ұстаздар қиналып жүргендерін жасырмайды.

Гүлмира Томашова, физика пәнінің мұғалімі: 

Жұмыстан босап, кешке жақын ағылшын тілінен курсқа барып жүрмін. Сол курста мен тек қазір ағылшын тілді үйреніп жатырмын. Ал, физиканы ағылшын тілінде беру өте күрделі деп санаймын. Неге десеңіз, өйткені, бәрібір ағылшын тілінен беретін мұғалім физиканы, техникалық пәнді, терминдерін білмейді.

Бұл штрихтің «ағылшын тілінде білім беру мүлдем қажет емес» деген астары жоқ. Бұл штрих алқын-жұлқын, дайындалмай бастап кететін реформалардың қалай жүретінін көрсетеді. Оқушылардың көбі толымды білім алмауы мүмкін, сөйтіп жолы кесілуі мүмкін. Рухани азабын былай қойғанда, олардың да, ата-аналардың да. Ал тырп ете алмайтын, жақ аша алмайтын мұғалімдер ше? Іштен тынып жүр ғой. Жақсы емес.

Айтпашқы, премьер-министрдің "қалыңдық ұзатылуға дайын, бірақ алатын жігіт жоқ" деген қалжыңына кабинетінің мүшелері жымимапты...