Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

"500 граммдық баланы алдыру қылмыс": Дәрігер түсік жасатудың денсаулыққа тигізетін әсері туралы айтты

AstanaTV
09.12.2023ж. 09:49
2801
"500 граммдық баланы алдыру қылмыс": Дәрігер түсік жасатудың денсаулыққа тигізетін әсері туралы айтты

“Жасанды түсік жасату дұрыс па, бұрыс па?” бұл сауалдың нақты жауабы жоқ. Соңғы шешімді әйелдің өзі, бөтен адамдардың нұсқауы мен кеңесінсіз қабылдайтыны белгілі. Осы тұста Stan.kz тілшісі жасанды түсік жасатқан келіншектің оқиғасын тыңдап, гинеколог мамандардың кеңесіне құлақ түрді.

Жасанды түсік жасату – жүктілікті 28 аптаға дейінгі мерзімде тоқтату. 12 аптаға дейін жасалған түсік ерте түсік деп, ал бұл мерзімнен кейін жасалса, кеш түсік деп саналады.

Жасанды түсік жасатуға шешім қабылдауға түрлі себептер болуы мүмкін:

біріншісі – медициналық (ананың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде және нәрестенің даму ақаулықтарымен туылуының улкен ықтималдылығы болған жағдайда);

екіншісі – әлеуметтік (мысалы, жүктілік зорлау салдарынан болған жағдайда) немесе жеке бас мәселелері (ана болуға психологиялық немесе қаржылық тұрғыда дайын болмау және де басқа себептер).

Алматы қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы Сымбат (есімі өзгертілді) аборт жасату үшін гинеколог маманның көмегіне жүгінеді. Кейіпкердің айтуынша, ол денсаулығына байланысты жасанды түсік жасатуға мәжбүр болған.

Сымбат 2014 жылы ақпан айында өтін алдырып, оған күрделі ота жасайды. Операциядан кейін араға 4 ай салып жүкті болып қалғанын білген. Ол бала көтергенін білгенде екінші баласы 8 айлық болған екен. Күрделі отадан кейін кішкентай баланың күтімін былай қойғанда, өзіне қарайласатын адам керек болады.

“Отадан кейін дәрігерлер 3 жыл бала көтеруге болмайды деп ескертті. Бастапқыда құсып, ауа жетпей, тынысым тарылатын. Сол кезде асқазаным қайта мазалап жүр деп ойладым. Сөйтіп маусым айында тексеріліп, жүкті екенімді білдім. Денсаулығыма байланысты 8 аптада вакуумдық түсік жасатуға тура келді”, – дейді кейіпкер.

Сымбаттың айтуынша, вакуумдық түсік жасатқан соң қатты ауырсынып, өзін нашар сезінген.

“Жасанды түсіктен соң қатты қиналдым. Толғатып, бала босанғандай күйде болдым. Бірде ыстықтап, бірде тоңып, қалтырап әбден қалжырадым. Негізі дәрігерлер маған медикаментозды (дәрі-дәрмекпен) түсік жасауды ұсынған. Бірақ отадан кейін асқазаным ауырғандықтан, дәрі-дәрмектен бас тарттым. Қазір “бекер түсік жасаттым ба” деп ойлаймын. “Бойжеткен қыз болар ма еді?” деген ойлардың мазалайтынын да жасырмаймын”, – дейді Сымбат.

Кейіпкеріміз бүгінде бір қыз, үш ұл тәрбиелеп отыр.

Дәрігерлер оған жасанды түсіктен кейін кемінде 2 апта жыныстық қатынасқа түспеу керегін ескертеді. Сондай-ақ гинеколог маман Сымбатқа ауыр көтермеуге, ыстық ванна қабылдамауға және аборттан кейін 14-30 күннен соң УЗИ-ге түсіп, тексерілуге кеңес берген.

Жасанды түсіктің қандай түрлері болады?

Вакуумдық түсік немесе мини-түсік жүктіліктің 5 аптасына дейін жасалады. Жатырдан ұрықты сорып алатын ваккумдық құрылғы қолданылады. Ерте мерзімде жасаланатындықтан және жатырдың шырышты қабығы жарақаттанбайтындықтан түсік жасаудың бұл түрі қауіпсіз болып саналады.

Медикаментозды (дәрі-дәрмек арқылы жасалынатын) түсік жүктіліктің 8 аптасына дейін жасалады.Дәрігердің қадағалауымен дәрі қабылданады, бірнеше күннен кейін жатырдан қан кетіп, түсік түседі. Жатырдың шырышты қабығы жарақаттанбағандықтан түсіктің бұл түрі де жарақаты шектеулі түсік деп есептеледі.

Жатырды қыру немесе хирургиялық түсік жүктіліктің 22 аптасына дейін жасалады. Әйелдердің көбісі түсік жасаудың осы түрін ең сенімді деп санап, хирургиялық жолды таңдайды. Алайда түсік жасатудың бұл түрі – ең қауіптісі, өйткені ол жатырдың шырышты қабығына зақым келтіре алатын хирургиялық құралдардың көмегімен жасалынады. Он екінші аптадан кейін түсік жасату мерзімі кеш болып саналады, сондықтан бұл мерзімнен кейін жүктілікті үзу жайлы шешімді қабылдау тек жалғыз әйелге ғана тиесілі емес екенін түсіну керек. Алайда бұл мерзімде белгілі бір медициналық және генетикалық көрсетілімдер орын алған жағдайда дәрігерлер әйелге жасанды түсік жасауға кеңес әрі жолдама беруі мүмкін.

Астаналық гинеколог маман Шара Ілиясқызының айтуынша, елімізде әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады. Оның себебі көп, бірақ ең жиі еститініміз – әйелдердің жүктілікке дайын болмауы.

“Арнайы мамандар мектеп жасындағы балалар арасында жыныстық сауаттылық туралы әңгіме жүргізу керек. Жасөспірімдер жыныстық сауаттылықты анасынан немесе психолог, гинеколог мамандардан емес, әлеуметтік желіден қарап үйреніп жүргенде аборт азаймайды. Менің Instagram-дағы парақшама 14 жастағы жасөспірімдерден толассыз хаттар келеді. Көбі “осылай істеп едім, жүкті болып қалмаймын ба? Қорқамын” деген сарындағы хаттар”, – дейді гинеколог.

Маманның айтуынша, аборттың ең қауіпсіз түрі – медикаментозды түсік. Аборттың бұл түрінен кейін бала көтере алмай қалу қаупі төмен. Дегенмен сәбилі бола алмай қалған қыз-келіншектер де бар. Аборттан кейін жатырда эндометрит, қан кету болып, жатыр дұрыс тазаланбай қалуы мүмкін. Кез келген жасанды түсіктен кейін асқыну мен ауырсыну болады. Әйел бірінші жүктілікте баланы алдырып, гинеколог жатырды қырып тазаласа бедеулікке шалдығуы әбден мүмкін.

Қандай жағдайда түсік жасатуға болмайды?

Егер құрсақтағы бала дамып кеткен болса, жатырдан тыс жүктілік кезінде, қабыну процесі болса және қан қатты қою болса түсік жасатуға болмайды. Әйелдің ағзасы дәрі-дәрмекті көтере алмаса аборт жасауға тыйым салынады.

Сондай-ақ Шара Ілиясқызы аборт жасатқан қыз-келіншектерге ванна қабылдауға, саунаға баруға тыйым салып, жыныстық қатынасқа түспей күтіну керегін айтады. Белгілі бір уақыт өтпей жыныстық қатынасқа түскен жағдайда қан кетіп, жатырға инфекция түсіп кету қаупі бар.

Түсік жасату қылмыс па?

Сондай-ақ құрсақтағы баланың салмағы 500 граммнан асса, алдыруға болмайды. Ондай жағдайда аборт қылмыс болып есептеледі. Себебі 500 граммдық бала – Қазақстан азаматы.

Жасанды түсік жасату үшін төленетін сома әртүрлі. Көбіне маманның біліктілігіне, жұмыс тәжірибесіне байланысты болады. Сонымен қатар абортты тегін жасатуға да болады. Ол үшін тіркелген емхана арқылы қалалық ауруханаға жолдама алу керек.

Маман баласын алдыруға бел байлап келген қыз-келіншектердің психологтың көмегіне жүгінбейтінін біліп, өзі түсіндірме жұмысын жүргізетінін айтты.

“Әйелдер маған түсік жасатуға бекініп келеді. Оның себебі көп: балалы болуды қаламайды, ана болуға дайын емес, әлеуметтік жағдайы төмен. Мен жағдайдың мән-жайын білу үшін олармен сөйлесемін. Аборт жасатқаннан кейін психологиялық және моральдық тұрғыда дайын болу керегін ескертемін. Түсік жасатып, кейін өкініп, өз-өзін кінәлайтын болса оның соңы бедеулікке әкеліп соғуы ғажап емес. Себебі әйелдің психологиялық, эмоционалдық күйі өте маңызды фактор.

Аборттың қатерлі ісікке әкеліп соғатыны рас па?

Шара Ілиясқызы жасанды түсіктің қатерлі ісік тудырмайтынын тілге тиек етті. Дегенмен жатырда созылмалы эндометрит, эндометриоз, миомаға әкеліп соғатын гормоналды бұзылулар болса қатерлі ісікке шалдығу қаупі жоғары.

Сол себепті мамандар аборттың алдын алу үшін контрацепция қолдануды ұсынады:

Тосқауылдық контрацепция – бұл мүшеқаптар мен жатыр мойнына кигізілетін латекстен жасалынатын қақпақшалар.

Шиыршық (спираль) бірнеше жылға орнатылады. Ол мыс пен күмістен жасалғандықтан шәуетке әсерін тигізеді, ал шиыршықтың өзі аналық жасушаның жатыр қабырғаларына бекітілуіне кедергі келтіреді.

Гормондық контрацепция – бұл дәрі, сақина, пластырь, гормонды шиыршық. Әр әдістің өзінің артықшылықтары бар. Дұрыс қолданылған жағдайда, дәрі ең сенімді әдіс болып саналады.

Шұғыл контрацепция. Ол қорғанышсыз жыныстық қатынас болып қойған жағдайда көмектесе алады. Жыныстық қатынастан кейін белгілі бір уақыт аралығында арнайы дәрінің көмегімен ұрықтануды болдырмауға болады. Бірақ бұл дәріні жыныстық қатынас болғаннан кейін алғашқы бірнеше тәулікте, неғұрлым ертерек қабылдау қажет. Бұл дәрі зиянсыз, бірақ үнемі қабылдауға арналмаған.