Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Данияр Елеусіновтің Астанада өтетін бокс кешіндегі қарсыласы анықталды

AstanaTV
09.12.2023ж. 10:24
556
Данияр Елеусіновтің Астанада өтетін бокс кешіндегі қарсыласы анықталды

«Чемпиондар түні IBA» - «Astana Arlans» атты Астанада өтетін жартылай кәсіпқой бокс кешінде Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Кештің басты жекпе-жегінде 71 келі салмақта Данияр Елеусінов (11-0, КО 6) Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Джабулани Макхенсемен (14-2, КО 7) жұдырықтасатын болды. Еліміздің бокс федерациясының мәліметінше, Д.Елеусінов бұған дейін мұндай бокс кешінде 2015 жылы шаршы алаңға шыққан. Ал Африка өкілі Макхенсе алғаш рет сырт елде айқас өткізгелі отыр.

Бұдан бөлек, бұл сында Сабырхан, Бекбауов, Нұрдаулетов, Шымбергенов сынды боксшылар да айқасқалы отыр. Кеш барысында отандық боксшылардың қатысуымен 8 қызықты жекпе-жек ұйымдастырылады. Әр айқас 6 раундтан тұрады.

Турнир ең жеңіл салмақ 51 келіде әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай мен Азия чемпионы, Өзбекстан спортшысы Нодиржон Мирзаахмедовтың арасындағы жекпе-жегтен басталады.

Ал басты жекпе-жектің алдында 2019 жылғы әлем чемпионы және Токио олимпиадасының қатысушысы Бекзад Нұрдаулетов (6-0, 2 KO) әлі жеңіліп көрмеген Ресей спортшысы Никита Зонмен (7-0-1, КО 5) кездеседі.

67 келіде 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов 2019 жылғы Еупопа ойындарының күміс жүлдегері, WBA тұжырымы бойынша бірінші орта салмақта 10-орында тұрған Харитон Агрбамен (12-0, КО 8) жұдырықтасады.

2022 жылғы ҚР чемпионы, әрі 2023 жылғы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия вице-чемпионы Ерасыл Жақпеков 80 келіде жастар арасында Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері (19-22 жас), Нидерланды боксшысы Градус Клауспен айқасқа түскелі отыр.

Биылғы әлем чемпионы және 2022 жылғы Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов 71 келіде мексикалық Хосе Мигель Боррегомен (20-4, КО 17) шеберлік байқасады.

2021 жылғы әлем чемпионатының финалисті және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов 63,5 келіде Сербия намысын қорғайтын орыс боксшысы Павел Фёдоровпен (3-0, КО 1) сынға түседі.

2023 жылғы әлем чемпионы және 2021 жылғы әлем чемпионатының финалисті Махмұд Сабырхан 57 келіде кубалық Освальдо Диаспен өзара мықтыны анықтайды.

Айта кететін бір жайт, бокс кешін Qazsport және ресейлік «Матч ТВ» арналары тікелей эфирде көрсетпек.