$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағанды облысында «теракт ұйымдастырмақ болды» деп айыпталған 8 адам сотталды

AstanaTV
09.12.2016ж. 20:00
3334
Қарағанды облысында «теракт ұйымдастырмақ болды» деп айыпталған 8 адам сотталды

Қарағанды облысында "лаңкестік ұйымдастырмақ болды" деп айыпталған 8 адамға қатысты сот үкімі шықты.  Олардың әрқайсысы 10-нан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың алтауы жазасын қатаң режимдегі түрмеде, екеуі жалпы тәртіптегі колонияда өтейді.

Қайрат Қасымов, Қарағанды облысы арнайы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Спамбетов 14, Үсенов Ерлан 14, Үсенов Думан 12, Үсенов Қайыр 12, Махмұтов 11, Ташмұхамбетов 12 жылға сотталады. Олар қатаң режимдегі түзету мекемесінде жазасын өтейді. Әбдікөшов пен Таласбаев 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы тәртіптегі колонияға қамалады. Сот үкімі 15 күннен кейін күшіне енеді.

Сотталушылар маусым, шілде айларында Балқаш қаласы мен Гүлшат елді мекенінде өткен арнайы операция кезінде ұсталған еді. Барлығы да Балқаш қаласының тұрғындары. Үшеуі түрлі мекемелерде жұмыс істеген, қалғандары - жұмыссыз. Ең жасы 26, ал, үлкені 36 жаста. Барлығы азаматтық некеде, бірнеше балалары бар. Сотқа дейінгі тергеу барысында олардан 4 бірдей жарылғыш зат тәркіленді. Қарудың бірін Гүлшат елді мекенінде сынау кезінде бір күдікті қаза тапқан еді. Ұсталған 8 адам террорлық топ құру, ұйымдастыру, оның жұмысына қатысу, халықты қорқыту, мемлекеттік органдардың қызметіне кері әсерін тигізу, заңсыз қару сақтау баптарымен айыпталды.

12 жылға сотталған ағайындылар Думан мен Қайыр Үсеновтердің қорғаушысы Асқар Бейсенбаев сот үкімімен келіспейді. Ол жоғары инстанцияларға шағымданатынын жеткізді. Қорғаушының айтуынша, ағайындылар террорлық акт туралы естіп, құқық қорғау орындарына хабарламағаны үшін ең көп дегенде 6 жылға сотталуы тиіс.

Асқар Бейсенбаев, қорғаушы:

Балқаш көлдің жағасында жиынға шақырған ғой. Олар онда «осындай-осындай жасайық» деген ұсынысты естіді. Бірақ нақты ол іске аса ма, жоқ па - білген жоқ. Содан кейін қару-жарақ дайындағандарын білмеген. Екеуі оны тергеу кезінде ғана естіп білді.

Айжан ҚУАШ