Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Екібастұзда тағы да апат болды

11.12.2023ж. 20:00
571
Екібастұзда тағы да апат болды

Екібастұз тұрғындары тағы жылусыз қалды. Атырау жұртшылығы 15 сағат сусыз отырды. Салдарынан жылу өшіп, пәтерлер азынап кетті. Синоптиктердің айтуынша, аяз әлі де күшіне мінеді. Еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы 44 градусқа дейін төмендейді. Өңірлердегі ахуалды тілшілеріміз жеткізеді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Екібастұзда тағы да апат болды. Бұл жолы жылу орталығындағы күл шығаратын құбырдан ақау шыққан. Салдарынан қазандық іші суға толды.

Жылуды тоқтатпас үшін резервте тұрған 2 қазандық іске қосылды. Мамандар ақауды қысқа уақыт ішінде қалпына келтіргенмен, жылу тұрғындарға тек бүгін ғана беріле бастады.

Асайын БАЙХАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Бүгін түнде сағат 4:30-да біз үш қазандықты мазуттан көмірге ауыстырдық. Қазір таңғы сағат 7.00-де жылу орталығында 79 градус беріп тұр. Алдағы 3-4 сағатта жылу қалыпқа келуі керек.

Екібастұзда қазір 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Жылу параметрлері кешке дейін 90 градусқа жетеді деп жоспарланған.

Железин ауданында да жылу құбырлары жарылды. Тұрғындар үйлерінің салқындап кеткенін айтып, әлеуметтік желіге жазды. Алайда, аудан әкімі тұрғындар жылусыз қалды дегенді жоққа шығарды.

Айтуған ШАЙХИМОВ, ЖЕЛЕЗИН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Үйлерде жылу бар. Мектепте жылу бар. Сөндірілген жоқ. Жылу беріліп тұр. Жылу бар. Ақау болды жұма күні. Уақытша жақсартылды. Бірақ, жылу тоқталған жоқ. Барлық жұмыстарды күн жылынғаннан кейін қазір 30 градустай суық болып тұр. Күн жылынғаннан кейін аяғына дейін жеткізеді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодар облысында соңғы бір апта бойы аяз күшіне мініп тұр. Кей жерлерде термометр көрсеткіші -37 градусқа жетті.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Атырауда айтарлықтай аяз жоқ. Бірақ қыс оқыс оқиғамен басталып жатыр. Қала мен маңындағы ықшамаудандар халқы 15 сағат бойы ауыз сусыз қалды. Салдарынан кейбір көп қабатты үйлерде қысым азайып, жылу тоқтады.

Нәзира ІЗІМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үйімде 3 кішкентай бала бар. Еңбектейтейтін бала бар. Оны бөлмеден шығармай, көрпе төсеп, жауып отырмыз. Өйткені үйдің іші қақап тұр.

Мамандардың айтуынша, халықтың ауыз сусыз қалуына су тазарту қондырғыларының сорғы станцияларына шәуіш тұрып қалуы себеп. Оның үстіне Жайық өзені деңгейі 15 см-ге тайыздап кеткен. Сондықтан сағатына 15 мың текше метрге жуық су айдауы тиіс насос жұмысы тоқтады.

Ғасыржан ЛЕКЕРОВ, ОБЛЫСТЫҚ "СУ АРНАСЫ" МЕКЕМЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ ӨНДІРІС БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

Мұздың дер кезінде бір уақытта қатпауы салдарынан кеше желдің күшімен біздің айналамыз қатқан жоқ та, орталық қатып, желдің салдарынан бері қарай біздің сеткамызға келіп тіреліп, сол себептен пайда болды.

Бұл – соңғы 20 жылда болмаған табиғи құбылыс,- дейді мамандар. Тығырықтан шығу үшін Атырау облысы су арнасы мекемесі жұмысшылары шахтаға түсуге мәжбүр болды. Суық су ішінде тұрып, торды қатқан мұздан тазалауға тырысты. Бірақ бәрібір нәтиже бермеді. Сосын станцияның сыртында қатқан мұзды оюға арнайы мамандар жалдауға тура келген.

Ерболат ОМАРОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Водолаздар қажет болуына байланысты түнгі мезгілде жұмыс атқарылмайтын болған соң сағат 8-де бастап, 14.30 да жұмыстарын аяқтады. Аяқтағаннан кейін барлық су арнасының су айдау және тазарту жұмыстары басталып, суды штаттық режимде сағат 17. 00 басталды.

Тек 15 сағаттан соң су берілді. Дегенмен әлі күнге дейін 8 иесіз үй халқы ыстық сусыз отыр,- деді қала әкімінің орынбасары. Және кешке дейін толық қосатынын мәлімдеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Шенділер әлеуметтік нысандар ешқандай зардап шекпеді десе, қаланың барлық мектептері бүгін түске дейін онлайн оқуға көшті. Ал облыс әкімінің телеграм чатында судың тоқтағаны туралы шағымдар әлі толастар емес. Қазір 9 авариялық бригада жұмыс істеуде. Айта кетейік, қала тұрғындары қысты күні тәулігіне 70 мың текше метр ауыз су тұтынады.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Астанада аяз буып тұр. Дәл қазір ауа температурасы минус 27-ні көрсетуде. Мектептерде сабақ онлайн форматқа ауыстырылды. Қала маңындағы елдімекендерге қатынайтын автобустар таңертең шыққан жоқ.

Ақмола облысы мен солтүстік өңірлерде аяз күшейіп, түнгі уақытта ауа температурасы минус 32-35 градусқа дейін жетті. Республикалық маңызы бар 46 жол учаскесінде көлік қозғалысы шектеліп, кейін түске таман оның 41 ашылды. Бірақ, алдағы түнде тағы 50-ге жуық жол жабылуы мүмкін дейді Казавтожол мамандары.

Азамат БАЗАРБЕКОВ, "ҚАЗАВТОЖОЛ" ҰК" АҚ ПАЙДАЛАНУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ 1 САНАТТАҒЫ МЕНЕДЖЕРІ:

Жолда 515 техника жұмыс істеп жатыр. Және мыңға жуық жолшылар жүр. Жол жүргіншілерге айтарымыз қазіргі кезде түнге қарай ауа температурасы бұдан да төмендейді. Сондықтан жолға шықпауларыңызды сұраймыз.

1403 колл орталығы күні-түні жұмыс істеп тұр. Бүгін таңғы 9 дан бері 8 қоңырау түскен. Сол бойынша жолаушыларға көмек көрсетіліп жатыр.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Синоптиктердің айтуынша, алдағы күндері аяз тіпті күшіне мінеді. Еліміздің 8 өңіріне ескерту жасалды. Солтүстікте түнгі уақытта ауа температурасы 44 градусқа дейін төмендейді деген болжам бар. Қолайсыз ауа райы солтүстік және батыс өңірлерде апта соңына дейін сақталады.