Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қарағандылық спортшы Айшуақ Жетпісова арбадағы үлкен теннистен Азия пара ойындарына дайындалып жатыр

AstanaTV
12.12.2023ж. 20:00
544
Қарағандылық спортшы Айшуақ Жетпісова арбадағы үлкен теннистен  Азия пара ойындарына дайындалып жатыр

Қарағандылық спортшы Айшуақ Жетпісова арбадағы үлкен теннистен Азия пара ойындарына дайындалып жатыр. Олимпиадалық спорттың бұл түріне қызғушылардың қатары артып келеді. Сәйкесінше, әуесқойлар арасынан нағыз кәсіпқой спортшыға айналып жатқандар аз емес. Ал «AMANAT» партиясы бұл ретте спортшыларды әркез қолдайды.

«Біздің адам!». Айшуақ Жетпісова туралы командаластары мен тренері осылай дейді. Мақсатшыл, айналасына шуақ шашып жүретін көңілді қыздың арбадағы үлкен тенниске келгеніне бір жыл. Қысқа уақытта ол Қазақстан чемпионы атанып, елдегі бас кубокты иеленген. Мамандар оның бұл жетістігін фантастикаға балайды. Өйткені ол үлкен спортқа дейін университетте тарихтан сабақ беріп, үстел теннисімен арбада қозғалмай отырып қана айналысқан.

Айшуак ЖЕТПІСОВА, ТЕННИСШІ:

Қол арбамен теннис ойнау түгілі қозғалудың өзі оңай болмады басында. Көп жаттығудың арқасында ақырындап үйрендім. Өзімнің спортқа жақын екенімді баяғыдан білетінмін. Қазір сол арманымды орындап жүрмін.

Арудың айтуынша, бала күнінде ауыр дертке шалдығып, аяғының бір бөлігінен айырылған. Бірақ бұл оның жігерін жасытпады. Күнделікті өмірде протез бен балдақ қолданады. Қол арбаны тек спортпен айналысу үшін үйренген. Ойын кезінде бір қолмен дөңгелектерді айналдырса, екіншісімен ракетканы ұстап, допты соғады. Айтқанға болмаса, бұл оңай іс емес. Осындай «Рухы мен жеңіске деген ерік-жігері» үшін Айшуақ «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығына лайық деп танылды.

Айшуак ЖЕТПІСОВА, ТЕННИСШІ:

Марапаттаудан соң да «AMANAT» партиясы бізді елеп-ескеріп, алғыс хат табыстады. Көңілім көтеріліп қалды. Шығар шың әлі алда екеніне сенемін.

Набижон ИГАМБЕРДИЕВ, ИНКЛЮЗИВТІ ТЕННИС БОЙЫНША ТРЕНЕР:

Оның потенциалы зор. Талабын аша түсу керек. Өте көңілді, ашық-жарқын қыз. Ал ойынға келгенде өте қайсар әрі батыл. Жеңу үшін барын салады.

Қазір Айшуақ Азия пара ойындары мен олимпиадаға дайындық үстінде. Жеке спорттық қол арба алуды жоспарлап, демеуші іздеп жүр. Армандардың орындалатынына көзі жеткен спортшының мақсаты- биік.