Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Карантин қайта енгізіле ме?", - дәрігер

13.12.2023ж. 20:00
570
"Карантин қайта енгізіле ме?", - дәрігер

Қостанайда гонконг тұмауы өршіп тұр. Өңірде 44 науқастан жаңа вирус анықталды. Сырқаттанғандардың арасында бала мен жүкті әйел көп. Ауру асқынып тұрған бұл аймақ қана емес, қазір барлық облыста жағдай күрделі. Аурухана адамға лық толы, орын жетіспейді. Көрші жатқан Қытайда жағдай мәз емес. Аспан асты елі маска режимін қайта енгізді. Енді бізде де карантин болуы мүмкін деп дабыл қағып жүр жұрт. Бұл қаншалықты рас? Елде шектеу шаралары бола ма? Аружан Задабек эпид ахуал туралы айтады.

Бұл – Қытай ауруханасындағы кезек. Осыдан-ақ елдегі күрделі жағдайды аңғаруға болады. Бұған дейін көрші мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдары вирус туралы көп мәлімет тарата қоймады. Тек бүгін маска режимінің қайта енгізілгенін жариялады. Оны орындамағандарға 500 юань айыппұл салынады. Енді Қытай үкіметі тұрғындарды ревакцинациядан өткізбек. Бұл туралы естіген тұрғындар желіде түрлі ақпарат тарата бастады.

Қытай қырылып жатыр дейді. Әлеуметтік желі, бәрін өшіріп тастаған. Қатты қырылып жатыр бәрі. Мүмкіндігінше маска алып қою керек. Бір күнде жабылып қалуы мүмкін. Өкпе ағарып кетеді дейді. Оны қалай емдеп, жазарын білмейді дейді.

Мұны естіген қазақстандықтар елең-алаң. Ковид-19 вирусы алғаш Қытайда тіркелген, бұл дерт те бізді жалмауы мүмкін, - деп қорқады жұрт.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Вирус қатты. Балалар да ауырады, үлкен кісілер да ауырады. Жабу керек карантинге. Өзім грипп болып ауырып шықтым.
- Ауырып жатқандар көп енді, Құдай сақтасын! Еліміз тыныш болсын. Ауру деген қорқынышты, әрине.
- Маска тақсын, үйде отырсын. Онлайн оқытсын немерелерімізді.

Жұрт Қытайдан вирус келеді деп үркіп жүргенде Қостанайдан гонконг тұмауын жұқтырғандар көбеюде. А типті вирустың белгілері кәдімгі тұмауға ұқсас. Бас ауырады, қызу көтеріліп, дене қалтырайды, әлсіздік байқалады.

Гүлім ДОСЫМОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Эпидемиялық маусым кезеңінде Қостанай облысында 1 қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін 34837 ЖРВИ, 44 тұмау жағдайы тіркелді.Бұл сырқаттар бұрынғы жылмен салыстырсақ 4 пайызға өсуін байқаймыз.

Гонконг тұмауы Астанада да тіркелген. Дәрігерлер бұл вирустың өзгелерге қарағанда өте қауіпті екенін айтады.

Сархат БЕЙСЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРИЯЛЫҚ ДӘРІГЕР:

Екі жұма болды тұмаудың циркуляциясын анықтап отырмыз. H3N2 деген түрі циркуляцияда. Осы H3N2 түрі гонконг грипі деп аталады. Сондықтан қазіргі таңда гонконг тұмауы елімізде де, Астанамызда да бар. Жұқпалы ауруларды болдырмау үшін көк жөтелге де вакцина алу керек.

Дәрігерлер елде вирустың түр-түрі жүргенін айтады. Аты бөлек болғанмен, заты бір. Науқасты шыр айналдырып, бірден құлатады. Ауруханаға келушілер де, кезекте тұрғандар да көп. Арасында жүкті әйел мен бала көп.

Гүлназ ДОСМЫРЗАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда елордада эпид ахуал тұрақты емес. Тұрғындар арасында аурудың көбейгені байқалады. Оның ішінде балабақша жасындағы балалар және мектеп жасындағы балалар инфекциялық ауруғанаға түсіп жатыр.

Елде ЖРВИ вирусын жұқтырғандар да аз емес. 1 млн 370 мың жағдай тіркелді. Оның 66 проценті – бала.