Қазақстандағы ағымдағы қоғамдық-саяси жағдайды ашық талдауға және талқылауға бағытталған «Sarap Times» апталық-сараптамалық бағдарламасы көрерменге жол тартты.
Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – қоғамдық диалог, ашықтық, халықтың мұң-мұқтажына жергілікті билікті жедел назар аударту.
Халықтың үніне құлақ асып, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді, көптің көңілін күпті еткен түйткілді жайттарды кеңінен қамтып, жан-жақты сарапқа салады. Бастарына түскен проблемаларын шешу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздырған жандардың үні де қалыс қалмақ емес.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде апта ішінде орын алған саяси жаңалықтар мен оқыс оқиғаларға кеңірек шолу жасалып, арнайы тақырыпқа қатысты жауапты тұлғалардың жауаптары, атқарылған жұмыстары да талқыланады. Сонымен қатар, қоғамдағы шешімі табылмаған күрделі мәселелер де бағдарламаның назарынан тыс қалмайды.
Бағдарлама күйбең тіршіліктен көз ашпаған жандарды жұбатып, қиналғанға қолдау мен көмек көрсетіп, сүрінгенге сүйеу болмақ. Бұқараның басындағы түйткіл мәселелер де қозғалады.
Тележүргізуші студияда бағдарлама кейіпкерлері мен қонақтардың пікірлерімен бөлісіп, көтерілген мәселелердің күрмеуін шешіп, түйінін тарқатады.