Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Оралда әскери билет, жүргізуші куәлігі саудаланып жатыр

Оралда әскери билет, жүргізуші куәлігі саудаланып жатыр

Оралда әскери билетті 100 мың теңгеге сатып алуға болады. Жүргізуші куәлігі де оңды-солды саудаланып жатыр. Сұраған ақшасын төлесеңіз, қалаған құжатыңызды ала аласыз. Мұндай жарнама әлеуметтік желілерде дүрілдеп тұр. Мән-жайды білмек болған өңірдегі әріптесім Еркін Карин жауаптыларға шығып көрді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Әскери билеттің бағасы 200 мың теңге, ал қару ұстауға қауқарсыз деген ақ билет алғыңыз келсе жарты бағасын, яғни 100 мың теңге төлейсіз. Жүргізуші куәлігінің бағасы да осы шамада. Әр құжаттың өз бағасы бар. Кәдімгі базардағыдай...


Әлеуметтік желіде мұндай жарнамалар жер жарып тұр. Тіпті делдалдың телефоны да ашық көрсетілген. Ал керек құжатын ақшаға сатып алып, көңілі жайланғандар - ризашылығын білдіріп, жарылқаушысына алғысын жаудырып жатыр...

Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде осындай хабарландыру көбейген соң, мониторинг жүргізген. Осыдан кейін құжат сатушылардың алаяқтар екенін анықтапты.

Әлия САЛИЕВА, «АҚЖАЙЫҚ - АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Тайный покупатель болып, 50 пайыз берсең, үйіңе дейін әкеліп тастайды. Қалған 50 пайызын дайын болғасын төлейсің дегенде біреулер ақшасын аударғанда ақша да жоқ, куәлік те жоқ. Ол деген фейк, өтірік, мошенничество, кісілерді алдау. Тайный покупатель болып, нөмірлерге звондағанда олар көбі вне зоны, жауап қайтармайды телефон соқса.

Мысалы, травматикалық қаруды пайдалану түгілі, ұстап жүруге де заңмен тыйым салынған. Бірақ айылын жимаған алаяқтар қарудың осы түріне қажетті рұқсатты рәсімдеуге де уәде етіпті.

Қайырбек НИГИМОВ, "АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ" МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БҚО ФИЛИАЛЫ ҚАУІПСІЗДІК ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:

Қазір жүргізушілік куәлігі пластик материалдан жасалады. Алаяқтар осындай пластик материалдан құжатты жасап беруі мүмкін. Бірақ ол құжаттағы деректер біздің базада тіркелмейді. Сондықтан азаматтар іске жарамсыз пластикті сатып алып, алданып қалуы мүмкін.

Ресми органдардың өкілдерді халықты алаяқтардан сақ болуға шақырады. Өйткені жалған құжатты сатушы ғана емес, сатып алушының да үстінен қылмыстық іс қозғалады. Сондықтан мемлекеттік қызметті заң аясында пайдалану керек. Бір қызығы, өңірде құжатты қолдан сатып алып, алданғандардан әзірге шағым түспепті. Өйткені алданғанын білгендердің ұялып, полициядан көмек сұрауы екіталай, дейді қоғам белсенділері.

Е. Карин