Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Атырауда мемлекеттік мекеме құжаттары қоқыста шашылып жатыр

Атырауда мемлекеттік мекеме құжаттары қоқыста шашылып жатыр

Атырауда мемлекеттік мекемеге тиесілі құжаттар қоқыста шашылып жатыр. Арасында қала тұрғындарының төлқұжаты, жүргізуші куәлігі тіпті табысы туралы анықтамалар бар. Қалдықтар арасында жатқан бума-бума қағаздар ішінде, халыққа қызмет көрсету орталығының жеке мөрі мен жұмыс жоспары да жүр. Бұл құжаттар арнайы қоқыс полигонында емес қалаға жақын Жайықтың жағасында жатыр. Дені, 2009-2011-ші жылдары басылған. Кейбір құжаттың жарамдылық мерзімі 2028-ші жылға дейін белгіленген екен. Бұл жеке құжаттарды мемлекеттік мекеме неге шашып тастаған? Жауапты кім және салғырттық танытқан қай мекеме? Бұл мәселені - полиция тергеуге алды. Ал, халыққа қызмет көрсету орталығы болса, құжаттар құпиялығы сақталуда, дегенді айтып отыр.

Тұрлан НҰРЖАНОВ, "АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ" МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Халықтың тапсырған құжаттарын  тиісті органдарға жеткізіп береміз. Тиісті  құжаттарды әр өкілетті орган өздері жояды. Әділет департаментімен бір ғимаратта болғандықтан,  қоқыс жәшігіміз бір жерде. Яғни бір жерден лақтырылады. Сонымен қатар құрылыс қоқыстары жатыр ғой қасында,  құрылыс қоқыстары орталыққа ешқандай қатысы жоқ. Әділет департаментінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандығын қаперіңізге береміз.

Әділет департаменті де өзіне шаң жуытар емес. Олар, халықпен тікелей жұмыс істемейтінін алға тартты. Дегенмен департамент ғимаратында құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын мойындады. Бірақ, жөндеу жұмыстарының мұрағат бөліміне қатысы жоқ, көрінеді.

Аслан КӘРІМОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Договорларымыз бар. Сол  договормен арнаулы автобаза алып кетіп отыр.  Біздің архивта ондай құжаттар сақталмайды. Юстиция дегенде төбе шашым тік тұрды. Қайдағы юстиция ол? Біз ремонт жасап жатқанда шығатын болса, құрылыс қоқыстары шығады тек қана.


Б. Нәдірқызы