$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыдағы жеке балабақшалардың бірінде балаларды оқтаумен ұрған тәрбиеші жұмыстан қуылды

AstanaTV
27.12.2021ж. 20:00
2681
Алматыдағы жеке балабақшалардың бірінде балаларды оқтаумен ұрған тәрбиеші жұмыстан қуылды

Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаларды оқтаумен ұрған. Мұнымен қоймай бүлдіршіндердің шашынан жұлып, басынан тоқпақтаған.  Мұны ата-аналар   бейнебақылау камерасындағы жазбадан көріпті.  Бұл бассыздық қанша уақытқа созылған? Құзырлылар не дейді? Балабақшадағы былық туралы тілшіміз  Әсем Лесбек айтады.

Бұл кадрлар ата-аналардың төбе шашын тік тұрғызды. Онда буыны қатпаған бүлдіршіндерді білектің күшімен тезге салған тәрбиешінің әрекеті анық көрінеді. Әрі-бері жүріп, түртпектеуін тоқтатпаған келіншек бармақтай қызды беттен де ұрған.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға Көкжиек шағынауданындағы мына балабақшада болған. Ата-аналар бұған дейін балаларының денесінен түрлі дене жарақаттарын байқағандарын айтады. Бұған  тәрбиеші олардың құлап қалғанын айтып жауап қатты деді.

Аруна СЕРІКОВА, АТА-АНА:

Ой ана жерге ойнап жүріп құлап қалған шығар дейді балаларды. Ал видеода бәрі көрініп тұр. Шашын жұлып жіберген менің қызымның. Қорқытады екен өлтірем деп, мынандай ұзын шпилка секілді несі бар.

Даудың басы осы видеодан басталды. Ата-аналар отырған чатқа тәрбиеші байқамай бейнежазбаны салып жіберген.

Әсем МЕКЕЕВА, АТА-АНА:
 
Идиот деп балаға айтып жатқан сөзінен бәрі басталды. Анасы шырылдап тұрып,  жазып баламның ауызы уылды. Аузына тұз тықты деп. Камерадан көрініп тұр. Баланы қылқындырып, аузына тұз салғанына дейін көрініп тұр.


Гүлхан ОСПАНОВА, АТА-АНА:

Мен немеремнің санын жазда көгеріп қалғанын көргем. Әже ешкімге айтпайсыз ба, Ләззәт апай мені шымшып алды деді. Сандары көгеріп келеді, иықтары көгеріп келеді. Оқтаумен ұрады деп айтты. Бала өтірік айта береді деп немеремді өтірікші қылды.


Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде қазір 95 бала тәрбиеленіп жатыр. Нысан осыдан 2 жыл бұрын ашылған көрінеді. Балабақша меңгерушісі, болған жағдайға  өзінің де таң қалғанын айтады.

Анар НҰРСҰЛТАНОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:

Екінші категориялы педагог өзі. Екі жыл жұмыс жасады. Ешқандай ата-анадан жалобы болған емес, бұл бірінші рет тіркеліп тұрған жағдай. Бізде шұғыл түрде шара қолданып бұл кісіні еңбек кодексіні 52-бабы бойынша жұмыстан босатып отырмыз.

Балаларды аялы алақанымен емес,  тоқпақпен тәрбиелегісі келген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-тармағы бойынша бұл азаматша тергеуге алынды. Қазіргі таңда ол полицияда түсінік беруде. Тергеу барысында қандай бұлтартпау шарасы қабылданғанын сот шығаратын болады.


Тәрбиешінің кінәсі дәлелденсе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал  ата-аналар бұл балабақшадан баламызды шығарып аламыз дейді.  Қалалық білім басқармасы мен прокуратураға да шағым түсірмек.

Ә. Лесбек