Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Мұнай бағасының өсуі «Нұрлы жер» бағдарламасын түзетуге мүмкіндік береді

AstanaTV
12.12.2016ж. 20:00
2210
Мұнай бағасының өсуі «Нұрлы жер» бағдарламасын түзетуге мүмкіндік береді

Мұнай бағасының өсуі келесі жылы «Нұрлы жер» бағдарламасына түзетулер енгізуге мүмкіндік бермек. Бүгін Үкіметте бағдарламаға соңғы түзетулер енгізілді. Премьер-министр оны жыл соңына дейін бектуді тапсырды.  Үкімет отырысында талқыланған тақырыптар тілші материалында.

"Нұрлы жер" бағдарламасымен 15 жыл ішінде бір жарым миллионнан астам баспана салынатын болады. Бағдарламаға бас-аяғы 1,8 триллион теңге бөлінбек. Баяғдарлама аясында берілетін ипотеканы субсидиялауға 70 миллиард жұмсалмақ. Сөйтіп, келесі жылдан бастап екінші деңгейлі банктер ипотеканы 10 пайызбен беретін болады. Жалға берілетін баспана қорын құруға 375 миллиард бөлінбек. Сонымен қатар бiрыңғай үлгiдегi жеке тұрғын үй құрылысы шағын аудандарын салу жоспарланып отыр. Оны дамыту үшін облыс орталықтарында жаңа пилоттық тәсiлдi қолдану ұсынылды. «Егер мұнай бағасы көтерілсе, 2017 жылы осы бағдарламаға түзетулер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік болады», - деді премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Бұл мәселе бәрін ойландырады. Мұнай бағасының өсуінен келесі жыл жетістіктерге толы болады деп ойлаймын. Бағдарлама керек. Халық күтіп отыр. Біз қанша талқылағанымен, түсініксіз жәйттар әлі бар немесе бағдарламаға кірмей қалған сәттер де болуы мүмкін. Бағдарлама 15 жылға жоспарланғанын білеміз. Біз мақсаттарды орындауымыз қажет. Ешқандай қорқыныш көріп тұрған жоқпын. Өңірлермен жұмыс істей отырып, жылдың соңына дейін бекітіп, келесі жылы жаңа бағдарламаға сәйкес жұмысты бастауымыз керек.

Үкімет отырысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру механизмдері де қаралды. Премьер-министр бағаны ауыздықтауға әкімдіктер жауапты екенін естеріне салды. Күнделікті тұтынатын азықтың бағасын көтергені үшін монополияға қарсы комитет 40 іс қозғаған. Салынған айыппұл көлемі 277 миллионды құрапты. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сөзінше, бағаның өзгеруіне маусымдық жағдайлар, табиғи монополиялар тарифтерінің өсімі, жанар-жағармай бағасының жоғарылауы ықпал етті. Дегенмен, министрлік тауардың шекті бағасын белгілеуді заңдастыруды жоспарлап отыр.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Біз ай сайын ұсынылатын бағаны есептеп отырамыз. Бұл барлық сауда субъектілеріне міндетті болып табылатын болады. Яғни тұтынушы қандай да бір сауда орнынан келіп, азық-түліктің ұсынылып отырған бағасы туралы толық ақпаратты біліп отырады. Егер айырмашылық көп болатын болса, жергілікті атқарушы органдаорға бара алады.

Ал мүлікті жария ету бойынша заңдастырылған сома белгіленген межеден асып кетуі мүмкін. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, шетелдік шоттардан 400 миллиард теңге анықталған. Екі жыл бұрынғы жоспар бойынша заңдастырылуы тиіс сома көлемі 12 миллиард доллар болса, жылдың аяғына дейін көрсеткіш 18 миллиард болуы ықтимал.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Бүгінгі бағамен 12 миллиард болып тұр. Сондықтан өз межесіне жетті деп айтуға болады.  Заңдастырылғаннан кейін азамат бұл ақшаны ешкімнен қорықпай жұмсай алады. Сондықтан бұның әсерін әлі алда.  

Заңдастыру процессінде көлеңкеден заңды айналымға енген мүлік те, ақша да келіп жатыр, - деді Бақыт Сұлтанов. Оның сөзінше, бір айдан аз уақыт қалған мүлікті жария ету осы жылмен аяқталады.

Саламат ОМАШ