$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Қарағанды облысындағы түзету мекемесінде қоян шаруашылығы ашылды

AstanaTV
01.04.2016ж. 20:00
1774
Қарағанды облысындағы түзету мекемесінде қоян шаруашылығы ашылды

Әлемді дағдарыс қысып жатқан шақта қарағандылық сотталғандар түрмелерде заңды бизнеспен айналысып, кәсіпкерлер атануда. Облыстағы түзету мекемесінің бірінде қоян шаруашылығы ашылды. Ал енді бірінде жазасын өтеуші жиһаз цехын қолға алған. Түрмелерде мұндай 15 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Темір тордың ар жағында кәсіптерін дөңгелетіп отырған бизнесмендермен Айжан Қуаш танысып қайтты.

Михаил Ушаков салпаң құлақтар жайлы бәрін біледі. Бостандықта да қоян асыраған. Сондықтан, қоныс колониясында әлі 3 жыл жазасын өтейтін жігіт қарап жатпай, сүйікті ісімен айналысуды жөн санапты. Қазір 20 шақты қояны бар. Оларды түрменің гаражында өсіріп отыр. Етін қаладағы базарға жіберетінін айтты. Болашақта жануарлардың санын мың басқа жеткізіп, терісін Қытайға асыруды да жоспарлап отыр. 

Михаил Ушаков, Қарағанды облысы АК-159/20 мекемесінде жазасын өтеуші:

Қоян - бұл, біріншіден, жеңіл ас. Екіншіден, тез өседі. Яғни перспективті іс. Әрі бостандыққа шыққан соң ақша керек. Қаражат жинап,түрмеден кеткен соң да ісімді жалғастырам деп ойлаймын.

Артур Забара қатаң тәртіптегі абақтыда жиһаз цехын қолға алған. Ағаш және жұмсақ жиһаз жасайды. Ауыр қылмыспен жазаға кесілген жігіт мұнда әлі 8 жыл отырады. Сондықтан темір тордың ар жағындағы уақытын қолынан келетін іске арнамақшы. Өзі секілді 10 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Артур Забара, Қарағанды облысы АК-159/7 мекемесінде жазасын өтеуші:

Бізде жұмыс күші көп. Жалақы тұрақты. Жұмыскерлер заң бойынша 21, ал тапсырыс түссе, 50 мың теңгеге дейін жалақы алады. Тапсырыстар көбінесе мемлекеттік мекемелерден түседі. Бірақ ас үй жиһазын жасаған кезіміз де болды.

Айжан Қуаш,тілші:

Қатаң ережедегі абақтыда сүт те шығарылады. Қарағанды облысының түзету мекемелерінде осылайша 15 кәсіпорын ашылған. Сотталғандар үшін бастысы табыс табу емес, бос қарап жатпау. Сондықтан мұнда жұмыс істегісі келетіндер өте көп.

Бас прокуратура 2017 жылға дейін Қарағанды облысындағы түзету мекемелерінде жазасын өтеушілердің 75 пайызын жұмыспен қамтуды міндеттеген.  Әзірге олардың 57 пайызы ғана еңбек етеді. Көбісі колонияларда жол белгілері, темір төсектер мен құрылыс құрылымдарын шығаратын өндірістік базада жұмыс істейді. Енді терезе, шам құрастыра бастады. Нан, тоқаш пісіріп, сабын өндіріп, өз-өздерін жұмыспен қамтыған. 

Бүркіт Садақов, Қарағанды облысы АК-159/7 мекемесінің бастығы:

Бұл жасалып жатқандар, сотталғандар өз жұмысымен тезірек босап шығу, түзу жолға түскенін көрсетіп, қоғамға пайдасын тигізу үшін жасалып жатыр.

Соңғы бір жылда Қарағанды облысындағы түзету мекемелері барлығы 380 млн теңгенің өнімін шығарған. Ал, кәсіпорындар ашуға 250 млн теңге инвестиция құйылған. Түрмедегі кәсіпкерлікті қылмыстық-атқару жүйесінің комитеті, прокуратура мен кәсіпкерлер қауымдастығы да қолдап отыр. Жақында абақтыда жеміс-жидек, көкөніс шаруашылығы да ашылмақ.

Айжан ҚУАШ