$464.72 €496.32 ₽5.4
×

Қазақстан арқылы өтетін «Жібек жолының» бөлігіндегі ескерткіштер ЮНЕСКО тізіміне енгізілмекші

AstanaTV
31.03.2016ж. 20:00
2491
Қазақстан арқылы өтетін «Жібек жолының» бөлігіндегі ескерткіштер ЮНЕСКО тізіміне енгізілмекші

Қазақстан арқылы өтетін «Ұлы Жібек жолының» бөлігіндегі ескерткіштер ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енеді. Бұл туралы бүгін Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

Тізімге Сырдария өңірінде 16 ескерткіш енеді деп жоспарланған. Қазір Қытай, Қырғыз, Өзбекстан және Тәжікстан ғалымдарымен бірлесіп құжаттар әзірленіп жатыр. Ол бір немесе бір жарым жылға созылуы ықтимал. Сондай-ақ, келесі кезеңде Жетісу және Батыс Қазақстан арқылы өтетін Жібек жолы бөлігін ресми түрде рәсімдеу қарастырылған. Ал, жалпы Қазақстан бойынша халықаралық маңызы бар 10, 200 республикалық және 11 мыңнан астам аймақтық ескерткіш бар екен. Министрлік тарихтан сыр шертетін бай мұраны сақтап қалу жұмыстарын  жалғастыра бермек. 

Ақтоты Райымқұлова, мәдениет және өнер істері департаментінің директоры:

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары Мәдениет және спорт министрлігінің стратегиялық жоспары аясында жалғасып келеді. Мәселен, өткен жылы елімізде барлығы 33 ескерткіш қалпына келтірілді. Ал биыл 20 тарихи ескерткішті қалпына келтіру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, бүгін қайта қалпына келтірілген мыңға жуық археологиялық жәдігер Ұлттық музейге тапсырылды. Көне бұйымдардың барлығы Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан қорғандардан табылған. Металл, күміс, ағаш, тері және матадан жасалған заттарды қалыпқа келтіру үшін 5 жыл уақыт кетіпті. Барлық жәдігерлер «Өткен күнгі бейнелердің бүгінгі көрінісі» атты жобаның аясында реставрациядан өткен.

Берік ХАСЕНОВ