$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақордада мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат жоғары марапатқа ие болды

AstanaTV
13.12.2016ж. 20:00
4421
Ақордада мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат жоғары марапатқа ие болды

"Еңбегіміз жанған күн". Ақордада  мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін жоғары марапатқа ие болған бір топ азамат бүгін осылай десті. Тәуелсіздік тойы қарсаңында мәдениет пен өнер саласында тер төгіп жүрген тұлғалар да марапаттан шет қалмады. Оларға Нұрсұлтан Назарбаев төсбелгілер мен сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Теңдессіз сияпатқа бөленгендер арасында биліктің жоғарғы эшелонындағы азаматтардан бастап жасы жиырмаға енді ілінген жас сарбаз да бар. "Алтын жұлдыз" бен "Отан" орденін екі азамат кеудесіне тағып, "Қазақстанның Еңбек Ері" атанды. Олар бас нейрохирург Серік Ақшолақов пен қостанайлық кәсіпкер Алмат Тұрсынов. Түрлі дәрежедегі марапатқа ие болғандар қатарында Конституциялық кеңестің, Жоғары сот пен  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалары, бірнеше министрлер мен әкімдер бар. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед үшінші дәрежелі "Барыс" орденін тақты.

Ақтөбеде болған терактде лаңкестер шабуылына тойтарыс бере білген жас сарбаз Бақтияр Қайырбеков үшінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Маусымдағы қанды қырғында әскери бөлімді басып алуға ұмтылғандардың әрекеті Бақтияр сынды ерлердің арқасында дер кезінде тоқтатылған еді.

Бақтияр Қайырбеков, Ұлттық Ұланға қарасты 6655 әскери бөлімі сарбазы:

Соншалықты үлкен ерлік істедім деп санамаймын. Менің орнымда кез келген сарбаз солай жасаған болар еді. Ақордада Елбасының қолынан марапат алатынымды естігенде қатты қуандым. Бірден ата-анама хабарласып қуанышыммен бөлістім, олар да өте шат-шадыман күйде, "балам, жарайсың!" деп жатыр.

Марапаттан спортшыларымыз да шет қалмады. Кеудесіне орден тағынғандар арасында Рио олимпиадасында топ жарып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет паралимпиада ойындарын бағындырған Зүлфия Габидуллина мен күміс жүлдегер Раушан Қойшыбаева да бар.

Раушан Қойшыбаева, паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері:

Тәуелсіздік күні мерекесімен барлық отандастарымды, елімді, жерімді құттықтаймын. Елбасымыз аман болсын, спорт саласы да, жалпы барлық сала дами берсін.

Әдебиет пен өнер саласындағы биылғы жылдың мемлекеттік сыйлықтары да табыс етілді.  Жоғары марапатқа лайық деп танылғандар қатарында әйгілі  «Құнанбай» фильмін түсірген шығармашылық топ өкілдері бар.

Досхан Жолжақсынов, актер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

Тек бірлік бар жерде ғана өнерің де өркендейді, жүйкең де тыныш, әдебиетің де дамиды, сондықтан бүгінгі күнімізге шүкіршілік. Біз бақытты елміз, ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда.

Марапат иелеріне сый-сияпаттарын табыстаған мемлекет басшысы барша отандастарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Азаттықтың арқасында айымыз оңынан туып, төрткүл дүниеге  танылдық. Ел есінде қалатын ұлған-ғайыр істер атқардық. Жетістігімізге әрбір қазақстандықтың қосқан үлесі орасан, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздер осындай айтулы күн қарсаңында жоғары марапатқа ие болып отырсыздар. Бұл жеке азаматтар арқылы барша халқымыздың істеген ерен еңбегіне деген баға. Ақорданың төріне жиналған баршаңыз үшін бұл ерекше мерейлі сәт деп білемін. Қуаныштарыңыз құтты болсын!

Салтанат соңынан марапат иелері Елбасымен бірге естелік суретке түсті. Ақорда төрінде марапат алған қауым, Тәуелсіздігіміз баянды болсын, деген ақжарма тілек айтып, тарқасты.