«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты үздік волонтерлер мен белсенділерді марапаттады. Еліміздегі жастар саясатының дамуына елеулі үлес қосқан өрендерге берілетін «Рухтастар» сыйлығы осымен екінші рет табысталды. Жастар саясатын жаңғырту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағыттарының бірі. Осы орайда, салтанатты іс-шараны ашқан «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Рухтастар» сыйлығын өзекті мәселелерді шешуде алдыңғы қатарда тұратын, еңбекқор, отаншыл, білімді, өнегелі жастардың ортақ жетістігі мен табысы деп атады. Жеңімпаздарды анықтау бірнеше кезеңнен тұрды. Осы жылдың 7-14 желтоқсан аралығында «Жастар Рухының» ресми сайтында өтінімдер қабылданып, іріктеуден өтті.
Владислав ТОЛОЧКО, "СЫМБАТ" МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ /АҚТӨБЕ/:
"Жастар рухы" ЖҚ құрамында белсенді болып жүрміз. Көптеген республикалық және облыстық шараларға қатысып, өңірімнің жастар саясатын дамытуға, игі жұмыстарды іске асыруға өз үлесімді тигіземін. Менің бүгінгі жеңісім - бүкіл Ақтөбелік рухтастардың жеңісі! Еңбегімізді бағалап, осылай марапаттап жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.
Байқауға 18-35 жас аралығындағы отандастарымыз қатысты. Марапат 8 номинация бойынша берілді. «Қайсар» жыл батыры атағы Семей қаласы №7 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Елдос Нұртазаев марапатталды. Ол «Семей орманы» шаруашылығының аумағындағы өрт кезінде тілсіз жаумен күресті.
Елдос НҰРТАЗАЕВ, №7 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҚАРАУЫЛ БАСТЫҒЫ /СЕМЕЙ/:
"Қайсар" атты жыл батырының иегері болып жатырмыз. Бұл номинация бүкіл өртсөндірушілердің арқасы деп білемін. Абай облысында үлкен апат болған. Айтады ғой, бірлігі бар жердің тірлігі бар деп. Сол кезде көзім жетті, тірлігіміз бар екеніне. Неге десеңіздер, сол кезде рухты жастарымыз қол ұшын беріп, Қазақ елім деп бізге көмектескен болатын. Мемлекет басшысы айтқандай еліміздің болашағы жастардың қолында. Осылай жастарымызды қолдап, демей берейік. Сонда еліміз өркендеп, кеңейеді деген ниеттеміз.