Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Шетелде паспортты ресімдеу мерзімі қысқарады – СІМ

AstanaTV
25.12.2023ж. 19:31
548
Шетелде паспортты ресімдеу мерзімі қысқарады – СІМ

Қазақстанның 32 шет елдегі мекемесінде қазақстандық азаматтардың электрондық құжаттаманы енгізу бойынша пилоттық жоба сәтті іске асырылуда.

«Бұл шетелде паспорттарды ресімдеу мерзімін 30 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұған дейін бұл мерзім кемінде 90 күнді құрады, бұл шетелде тұратын қазақстандықтар үшін белгілі бір қолайсыздықтар туғызды. Болашақта осы пилоттық жобаның географиясын кеңейту жоспарлануда. Бүгінгі таңда бұл мемлекеттік қызмет Бельгия, БАӘ, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, ГФР, Оңтүстік Корея және Жапония аумағында ҚР азаматтары үшін қолжетімді», - дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жылды қорытындылауға арналған брифингте.

Оның айтуынша, көрсетілетін қызметті алушыларға ыңғайлы болу және «электрондық үкімет» порталының барлық қызметтеріне қолжетімділікті ұсыну үшін 85 шет елдердегі мекемелерде ҚР азаматтарына ЭЦҚ беру жүзеге асырылады.

«Консулдықтарға баруды ыңғайлы жоспарлау және «тірі кезектің» қолайсыздығын болдырмау үшін «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп онлайн-брондау сервисі әзірленді. Бұл сервис ҚР 88 шет елдердегі мекемелерінде жұмыс істейді», - деп атап өтті Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

Сонымен қатар, азаматтардың өтініштерін «е-Өтініш» порталы арқылы тікелей шетелдік мекемелерде қарауға мүмкіндік берілді, бұл өтініш берушілерге жауап дайындау уақытын қысқартады (бүгінде «е-өтінішке» 75 шетелдік мекеме қосылған).