Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Банктер мерзімі өткен несиені коллекторға сатуына шектеу енгізіледі

AstanaTV
26.12.2023ж. 13:48
774
Банктер мерзімі өткен несиені коллекторға сатуына шектеу енгізіледі

Банктер мен микроқаржы ұйымдарына жеке адамдардың проблемалы несиелерін коллекторлық агенттіктерге сатуына шектеу енгізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде кредит беру кезінде тәуекелдерді азайтуға арналған заң жобасының таныстырылымында депутат Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалы несиелерін үлкен жеңілдікпен коллекторлық агенттіктерге беру тәжірибесі қалыптасты. Сондықтан банктер мен микроқаржы ұйымдарының коллекторлық агенттіктерге азаматтардың несиелерін сатуына шектеу енгізу қарастырылған.

«Атап айтқанда, проблемалы несиелер бойынша тиісті процедуралар банктің өзінде болуы керек. Бастапқыда 24 ай беріледі, яғни қарыздың құрылымын қайта қарау, кредитін азайту мен пайызын төмендету іс-шаралары қарастырылуы тиіс. Бұл жұмыстар ескеріліп, екі жылдан кейін ғана борышты коллекторларға сата алады. Ал қазіргі жағдай қалай? Банктер өз портфелін жақсарту үшін осындай несиелерді жинап алып, коллекторларға төмен сомаға сатып жібереді. Мәселен, банкте 500 млн теңге сомасында несиесін өтемей жүрген адамдардың қарызын 300 млн теңгеге коллекторларға бере салады», - деді Мәди Такиев.

Депутаттың сөзіне қарағанда, өз кезегінде коллекторлар аталған 500 млн теңгені түгел өндіріп алуға тырысады.

«Осы жағдайда коллекторлар қарызды өндіріп алу кезінде дөрекі әрекеттерге барып жататыны қоғамда жиі көтеріліп жүр. Сондықтан осыған жеткізбес үшін банктер алдымен өз жұмысында тиісті іс-қимылдарды жүзеге асыруы тиіс. Мұндай қадамдар бүгін Мәжілісте таныстырылған заң жобасында пысықталады», - деді М. Такиев.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте Парламенттің бір топ депутаты бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.