$455 €498.77 ₽5.56

Түркістан облысында 1,1 млрд теңге субсидия ақшасын жымқырған азамат ұсталды

Түркістан облысында 1,1 млрд теңге субсидия ақшасын жымқырған азамат ұсталды
Фото: ҚМА

Тергеу дерегінше, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінген қаржыға қатысты заңсыз схема ұйымдастырылып, 37 жаңбырлатып суару машинасы жеткізілмеген

Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған мемлекеттік субсидияларды жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды AstanaTV. 

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті субсидия қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырып, техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен бірнеше коммерциялық ұйымды бақылауына алған.

Атап айтқанда, «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер берілген. Лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы көрсетілген.

Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат осы ұйымның арнайы шотына аударылған. Алайда тергеу мәліметінше, 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған.

Соған қарамастан, міндеттемелер толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер енгізіліп, қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген. Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың есепшоттарына аударылған.

Осының салдарынан мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келген. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды.

Аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.