Астанада жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер Жол жүрісі қағидалары бойынша теориялық емтиханды онлайн тапсыра алады. Енді тестілеуден өту үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ, деп хабарлайды AstanaTV.
Жаңа қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөлімінде қолжетімді. Ол үшін «Теориялық емтиханды онлайн тапсыру» қызметін таңдау қажет. Алғашқы кезеңде пилоттық жоба Астана қаласында тұрақты тіркеуі бар азаматтарға арналған.
Онлайн емтиханға өтінім бермес бұрын жүйе үміткердің белгіленген талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Қызметті бұрын жүргізуші куәлігін алмаған, көлік басқару құқығынан айырылмаған, автомектепті аяқтағаны туралы жарамды куәлігі және медициналық анықтамасы бар азаматтар пайдалана алады. Сондай-ақ үміткер диспансерлік есепте тұрмауы керек.
Қызметті пайдалану үшін eGov Mobile қосымшасына кіріп, тиісті жүргізуші куәлігінің санатын көрсету қажет. Одан кейін 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді пайдалануға келісім беріп, қызмет ақысын төлеу керек. Емтиханға арналған жеке сілтеме азаматтың eGov жеке кабинетіне жіберіледі.
Сілтеме төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды. Оны тек өтінім берген азамат пайдалана алады. Тестілеу кезінде үміткердің жеке басы мен барлық әрекеті сәйкестендіру және бақылау жүйелері арқылы тексеріледі.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, жаңа қызмет мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және олардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Дегенмен ХҚКО-ларда теориялық емтиханды дәстүрлі форматта тапсыру мүмкіндігі де сақталады.
Теориялық тест 40 сұрақтан тұрады. Оны орындауға 40 минут беріледі. Емтихан күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі, алайда тестілеуді 19:20-дан кешіктірмей бастау қажет. Сынақтан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру керек.
Бір күнде емтиханды бір рет тапсыруға болады. Егер үміткер қажетті балл жинай алмаса, келесі күні қайта тапсыруына мүмкіндік бар. Тестілеу басталар алдында түстерді ажырату қабілетін тексеретін қосымша сынақтан да өту қажет.
Емтихан нәтижесі тест аяқталған бойда көрсетіледі. Жүйеде дұрыс жауаптардың саны және «Тапсырды» немесе «Тапсырмады» деген белгі шығады. Бұған дейін тапсырылған сынақтардың нәтижелері «Менің өтінімдерім» бөлімінде сақталады.
Тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі бар ExamApp қосымшасы қолданылады. Емтихан барысында бейне және аудио бақылау жүргізіліп, компьютер экраны жазылады. Жүйе үміткердің жеке басын фотосуретін профильдегі суретпен салыстыру арқылы анықтайды.
Сонымен қатар емтихан тапсыру кезінде смартфонды екінші камера ретінде пайдалану міндетті. Оны үміткерден шамамен 1,3 метр қашықтықта, бүйір тұсына орналастыру керек. Камераға адамның өзі, жұмыс үстелі және компьютер экраны толық көрінуі тиіс. Тестілеу басталғанға дейін үміткер бөлмені де камераға көрсетуі қажет.
Жүйе компьютерде тыйым салынған бағдарламалардың, виртуалды машиналардың, қашықтан қол жеткізу құралдарының, қосымша мониторлардың, VPN және Proxy сервистерінің бар-жоғын тексереді. Емтихан кезінде басқа терезелерге ауысуға мүмкіндік берілмейді. Күдік тудыратын әрекеттер автоматты түрде тіркеліп, нәтижелерді уәкілетті мамандар қарайды.
Онлайн емтиханды тапсыру үшін Windows 7 және одан жоғары операциялық жүйесі немесе macOS орнатылған ноутбук не дербес компьютер қажет. Сондай-ақ веб-камера, микрофон, интернет байланысы және камерасы жұмыс істейтін смартфон болуы керек. Google Chrome браузерін пайдалану ұсынылады.
Тестілеуді ұялы телефон, планшет немесе гибридті құрылғы арқылы тапсыруға болмайды. Емтиханнан сәтті өткен азаматтар келесі кезеңге – көлік жүргізу бойынша практикалық сынаққа жіберіледі. Оған «ХҚКО» қосымшасы арқылы жазылуға немесе мамандандырылған ХҚКО-ға баруға болады.
Қосымшада пайдаланушыларға арналған қолдау чаты жұмыс істейді. Алдымен сұрақтарға виртуалды көмекші жауап береді, қажет болған жағдайда оператор қосылады. Техникалық мәселелер бойынша pdd_support@goscorp.kz электрондық поштасына, ал жалпы сұрақтармен 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Жобаны ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, ҚР Ішкі істер министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп іске асырды.