Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

"Кейінгі екі жылда банктерде 14,6 млрд теңгеге жалған несие берілген", - депутат

AstanaTV
26.12.2023ж. 19:10
598
"Кейінгі екі жылда банктерде 14,6 млрд теңгеге жалған несие берілген", - депутат

Екі жылда банктерде 14,6 млрд теңгеге 7,8 мың жалған несие рәсімделген. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде кредит беру кезінде тәуекелдерді азайтуға арналған заң жобасының таныстырылымында депутат Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Осы заң жобасы аясын кредит бойынша алаяқтыққа тосқауыл қою тетіктері қарастырылған. Қаржылық алаяқтықпен байланысты қылмыстардың саны өсті. Кейінгі екі жылда банктерде 14,6 млрд теңгеге 7,8 мың жалған несие рәсімделген. Сонымен бірге, заңсыз несиелердің 6,5 мыңға жуығы немесе 82 пайызы алаяқтардың ықпалымен банктік мобильді қосымшалар арқылы берілген», - деді М. Такиев.

Мәжіліс қарауына енгізілген осы заң жобасында кредит алудан алдын ала және ресми түрде бас тартқан қазақстандықтарды алаяқтар рәсімдеген қарыздан босату туралы норма қамтылған.

«Адамдар кредит алуға өтінім бермесе де, оның атына бөтен біреу несие рәсімдеп жатқан оқиғалар кездесіп жатады. Кейін осы адам шын мәнінде кредит қаражатын алмағанын дәлелдеп әуреге түсетін. Яғни, несие алу үшін банк ғимаратына да бармағанын айтып жатады. Қазір ұсынылып жатқан заң жобасында арнайы тармақ енгізілуде. Оның аясында адамдар eGov.kz жүйесі арқылы несие рәсімдеуден алдын ала бас тарта алады», - деді депутат Берік Бейсенғалиев.

Мәжіліс депутатының сөзіне қарағанда, егер адамдар кредиттен ресми түрде бас тартса, онда бұл адам алаяқтардың тұзағына түспейді.