Тәуелсіздік мерекесі тағы да құтты болсын дейміз. Әркімге өз туған жері – жұмақ. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Астанаға келіп, ауылын сағынып жүрген қарапайым жиһаз жеткізуші Еркін Әділбекұлы. Еркін бүгінгі әңгімелерін көңілдің кілтінен бастапты.
Қызылордалықтарда көңілдің ғана кілті болады. Ал, астаналықтарда бірінші пəтерінің кілті, екінші пəтерінің кілті, оның подъездерінің кілттері, ол үйлердің лифтілерінің кілттері, көлігінің кілті, офисінің кілті, сейфінің кілті деп кете береді. Қысқасы, салдыр-гүлдір етіп біреу келе жатса астаналық деп таныңыз.
Еркін «басым бос» дейді. Фейсбукқа бес жыл бұрын тіркелген. Астанаға келіп жаңа достар тауып жатыр. Сырлас достар Сыр бойында қалыпты. Иә, туған жердің тезегі де дәрі,- дейді Еркін.
Атыраулық апамыз Астанаға құдалыққа барады. Қызының жылқы етін жеп отырғанын көрген сәтте "Бекіренің балдай бел кеспесін жеп өскен қарағым-ай, Астананың қоңырсыған жылқы етіне қор болдың-ау" деп жылап жіберіпті. Сол айтпақшы, бас қаланың боранының қасында ауылымның дауылы бетіңе сұлу үрлегендей болады екен.
Ата-мекен туған жер, кір-қоңыңды жуған жер, кіндігіңді кескен жер, кісі болып өскен жер. «Қалғып кетсем ауылымды көрем» деуші еді бір астаналық танысым. Еркін де сол. Астанаға жұмыс іздеп келіпті.
Еркін Әділбекұлы: Мамандығым мұнайшы, Ақтау, Шымкент, Атырауда жұмыс істедім. Қазір жұмыстан қысқарып кеткеннен кейін Астанаға жұмыс іздеп келдім. Қазіргі таңда жиһаз салонында жұмыс істеймін.
Егер мен депутат болсам Қызылорданың ақмаржан күрiшiнің бiр қабын Астанаға ала кетер едiм. Сосын ручканың пастасын алып, ұйықтап отыратын депутаттарды күрiшпен атқылап, оятып отырар едiм.
Қазір дүниедегі тұрақсыз нәрселердің бірі теңге болып
кеткендей. Кезінде сонау Лондонда басып шығарып, оны елге жеткізу үшін
тасымалдаушылар 18 әуе сапарын жасаған. Төл теңгеміз елге ұлттық қауіпсіздік
комитетінің бақылауымен орындалып, өнеркәсіпке арналған жабдық ретінде
тасымалданған еді.
"Біздің теңгеміз
әлемде ең қорғалған, ең әдемі ақша" деп алып, құнсыздандырып жіберу
"менің әйелім ең сұлу, ең пысық" деп, ажырасып кетумен бірдей
көрінеді маған.
Иә, теңге банкноты қатарынан үш рет 2011, 2012 және 2013 жылдары дүниежүзіндегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды. Десе де бүгінгі жағдайына қарап аса мақтау сөздер айта алмайсың. Айтпақшы, Әбілқайыр ханның суреті бар 50 теңгелік қағаз ақшада Қазақстанның Тұңғыш президентінің портреті тұруы тиіс болған екен, алайда Нұрсұлан Назарбаев бастартыпты.
Байқап қарасам ақша жинай алмайды екем. Білмеймін қайда кететінін, əйтеуір қолымды қалтама салсам болды жаратылып кетеді. Паластың астына да, банкінің ішіне де сақтап көрдім, болмады. Ақша тиыннан құралады дегенді кім айтып жүр? Әлде Абылай хан, Құрманғазылардың суреті бар ақшаны айтты ма екен?
Жанағы, барасын, келесін, олардын... деп кете беретін құйрықсыз әріптерді теледидардан естігенде жүйке шыдамайды. Бүгін Ң-ға тілі келмейтіндер экранды бермей, өріп жүр. Бұған қоса сақауланып С мен Р-ны айта алмайтындар тағы бар.
«Ң мен Н-ды айыра алмаймын» деген не сөз? Ң әрпінің құйрығы бар, Н құйрықсыз. Еркек пен әйелдi ажыратып жүрсiңдер ғой осы.
Еркін Әділбекұлы: Ең қызығып тұрып жасайтыным кәуәп жасау. Шашлыктың оннан астам түрін жасай аламын. Қызылорладық қыз жігіттер болып фейсбукта танысқан, қызықты кештер өткізетін боламыз. Кәуәптың жаңаша түрін ойлап табуға, басқаша жасауға тырысам. Менің хоббиім.
Кеше тамаққа тыңқиып тойып алып, серуенге шыққанмын. Айнала толы сұлу қыздар жүрген соң, сәл шығыңқыраған ішімді жасырамын деп ішке тартып жүрдім. Содан таңертең тұрсам ішектерім түйіліп, ішімнің престері ауырып қалыпты. Сұлулық құрбандықты талап етеді деген осы екен ғой.
Кәуәп дайындағанды жақсы көретін Еркін жазғанды да ұнатады. Ол кез-келген уақытта ойына келген қызықты әрі маңызы бар дүниелерді фейсбуқа жазып қана қоймай, болашақта бір жинақ та шығаруы мүмкін. Ұрпағына, отбасылық естелік ретінде.
Бір құрдасыма «Жасымыз келіп қалды, бітірген ештеңеміз жоқ. Балаларымызға не қалдырамыз осы?» дедім. Ойланып отырып: «Қартайған соң фейсбук парақшамды ұлыма мұра етiп қалдырам. Бес мыңға жуық оқырман, күнделікті мыңнан аса лайк, жүз бәленбай пікір. Тұнған тарих қой» - деді. Ойланып қалдым.
Еркін Әділбекұлы: Жазба жазып жүргенде телевидениеге шығамын деген ой болмаған. Күнделікті көргеніңді, ойыңдағыны жазасың. Қарапайым ғана болғаннан кейін атаққа ұмтылып көрмеппіз.
Ұялы телефоннан бас алмайтындардың көшедегі қауіпсіздігін қалай шешуге болады, өмірдегі ең өкінішті нәрсе не? Еркіннің жазбаларынан.
Көшеде телефоннан басын көтермейтiндерге мынандай жол ережесi белгiсiн қою керек.
Тамақ жасауға ерініп жатқаныңда көршің жеті күлше әкелсе "Қабыл болсынды" ерекше қуанышпен айтады екенсің.
Өмiрiңнiң жартысына дейiн ақылың, ал қалған жартысында денсаулығың болмайтыны қандай өкiнiштi...
Иә, өзен ағысын бөгеуге болады,
өмір ағысын бөгей алмайсың. Ғабит Мүсірепов «Асылы,
адам - өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге,
оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді» деген. Құрметті көрермен,
тәуелсіздігіміз баянды болғай. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!