Спорт Қазақстан
$460.15 €501.38 ₽5.11
×

Жас өскіндердің позициялары бар!

AstanaTV
17.12.2016ж. 20:00
3561
Жас өскіндердің позициялары бар!

Жақсы оқып, жақсы маман болу керек. Ата-ананы қадірлеу керек.Бақытты отбасын құрып, Отанға қызмет қылу керек. Жастарға айтатын және олардың өздері айтатын сөздер. Түзу сөздер. Алайда. Алайда «қисық бұтақтар» өте көп... Жас өскіндерге «не ойлайтыныңды бүкпесіз айт», десең, айтады:

Гауһартас Жұрағат,Павлодар қ. Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

Салыстырмалы ғана өмір сүріп жүрміз, тоқсаныншы жылдары қалай болды, қазір қалай деп. Ол кезде бізде нан жоқ болатын, қазір бәрі бар, қанағат жоқ деген сияқты. Қанағат болмаған кезде ғана даму болады. Сонымен бірге білімге мән беру керек. Қазіргі таңда әсіресе білім саласында коррупция көбейіп жатыр. Қазіргі жастар білімге салғырт қараса, кейінгі билікті дамытатын солар. Онда ол адамдардан қандай нәтиже күтпекпіз? 

Оралхан Зағыпар, Орал қ. 38- мектептің 11-сынып оқушысы:

Тәуелсіз АҚШ, тәуелсіз Ресей немесе тәуелсіз Қытай деген атауларды айтсақ, бұл бізге оғаш естіледі, солай ма? Ал қазақ елін тәуелсіз деп біз өз-өзімізге ұран қылып алғанбыз да, тәуелсізбіз дегенді бір атақ көргендей, одан бір мәңгілік елге айналып кеткендей әлі сол бір көктен түсе алмай жүрміз...

Айым Өмірзақ, Қостанай қ.  Ы.Алтынсарин ат. дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысы:

Маған кейбір адамдардың өзін-өзі ортада  ұстауы ұнамайды. Мысалы, олар кішкентай ғана жетістікке жетсе, өзін  биік қойып, мақтаншақ болып кетеді...

Ислам Сүлеймен, Павлодар қ. Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы:

Глобал ситизин шип дейді, яғни тек бір мемлекеттің емес, әлемнің азаматы дейді, осындай бағытты насихаттағым келеді.

Аңсар Нұрғазиев,  Тараз қ. №19- мектептің 10-сынып оқушысы:

Заң жағын алатын болсақ, мысалы қазақтар «қоя берші» дегендей ағайындыққа, туыстыққа салынып кетеді, Мысалы, үлкендерде жоқ патриоттық сезімді жастардан сұрайды. Жалпы, біздің қазақ елінің жуастығы біздің тікелей тілімізге де  әсер етіп жатыр. Себебі, біз мықты, жігерлі ел болатын болсақ, қазақ пен қазақ қазақ тілінде өте тамаша сөйлеуі керек еді. Мысалы, көптеген жиналыстарда өздері орысша сөйлеген кезде таза орыстардан да мықты сөйлейді. Ал, қазақшаға келгенде ақсаңдап қалады. Сол жағы менің ішімді қынжылтады. Тіліміз тұсаулы аттай.