Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Ұлудың бағасы 150 теңгеден басталады

AstanaTV
28.12.2023ж. 20:00
506
Ұлудың бағасы 150 теңгеден басталады

Ұлу өсіру- оңай шаруа емес. Елімізде қарқынды дамымаса да мұны кәсіп етіп, табыс тауып отырғандар бар. Өйткені, сұлулық әлемінде де, тағам өндірісінде де ұлуға сұраныс жоғары. Шығыс жылнамасына сәйкес 2024 жылдың иесі – ұлу. Ұлу – даналықтың, күш пен өркендеудің символы дейді. Оның тағы қандай ерекшелігі бар? Тілшіміз айтады.

Елімізде ұлу өсіруді кәсіпке айналдырғандар бар. Көп күтімді қажет етпейтін жәндікке елімізде де, сыртта да сұраныс көп. Қостанайлық Старковтар отбасы бірнеше жылдан бері ұлуды бизнеске айналдырған. Олар ең алғаш Беларусь елінен ұлу ұрығын алдырып, екі айдан кейін пайдасын көре бастаған. Алғашқыда кәсіпкер отбасы ұлуды күтіп-баптауды кімнен сұрарын білмеген. Себебі ұлу фермасы бұрын-соңды біздің елімізде болмаған. Сондықтан олар ресейлік мамандардың ақылы кеңесіне жүгінген.

Василий СТАРКОВ, КӘСІПКЕР:

Арнайы шөп өсіріп, соған жібердік. Сөйтіп биылғы қуаңшылықтан сақтап қалдық. Жаз бойы кеміргіштерден күзеттік. Енді міне ұлу ұрығы көбейе бастады.

Динара ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ұлулар орташа есеппен 15 жыл өмір сүреді. Олар соқыр, әрі саңырау болады, тек жарық пен қараңғыны ажыратады. Кейде алты айға дейін ұйқыға кетеді екен. Мамандар келер жылы ұлу жылы болғандықтан жасыл түсті тағамдарды тұтынуды ұсынады.

Ұлу - жайбарақат жәндік. 90 мыңдай түрі бар. Олар кез келген жағдайға бейімделе алады. Сондықтан ұлулар өмір сүріп жатқан ортасында пайдасын тигізбесе, зиян келтіре қоймайды. Біздің қолға ұстаған ұлуымыз суда ғана тіршілік етеді.

Наталья ЗЫНЧЕНКО, «ЗООМАГИЯ» ДҮКЕНІНІҢ ИЕСІ:

Біздің зоодүкендегі ұлудың түрі ампулярия деп аталады. Ол аквариумдағы балықтардың тіршілік ортасын тазартып тұруға көмектеседі. Сондықтан аквариум сатып алушыларға ұлуды да қоса алуға кеңес береміз. Бірақ кез келген балықпен емес. Жалпы, ұлудың бағасы арзан, 150 теңгеден басталады. Олар өздігінен көбейеді.

Ұлу жылы қазақша жыл қайыру бойынша бесінші орында. Жыл санаудағы әрбір мүшенің өзіне тән ерекшелігі бар. Келер жылы енетін ұлудың да өзіндік қасиеті жеткілікті. Мәселен, бұған дейінгі ұлу жылдары тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Жайлы болып келетін ұлу жылында тыныштықты, бейбіт өмірді қалайтын, ақылды да, зерек адамдар дүниеге келеді деседі.