$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловтың қазасына орай көңіл айтты

AstanaTV
20.12.2016ж. 20:00
2538
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловтың қазасына орай көңіл айтты

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловтың қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Елбасы оның дарынды дипломат болғанын айрықша атады. «Ешқандай зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды», - делінген жеделхатта. Күні кеше Ресей елшісіне қастандық жасалды.

Ресейдің Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андрей Карловтың баяндамасы басталмай жатып аяқталды. Желтоқсанның 19-ы күні Анкарадағы заманауи өнер орталығында "Ресей түріктер көзімен" атты фотокөрме ашылуы тиіс еді. Шараға Ресей елшілігі бастамашы болғандықтан, алғашқы сөз кезегі де Андрей Карловқа берілген.

Бахар Бакир, куәгер, «Haberturk» газетінің тілшісі:

Ол адам бірінші Аллаху акбар деп айқайлады. Артынша «Сендер Сириядағы бейбіт тұрғындарды өлтірдіңдер. Бұдан құтыла алмайсыңдар» деді. Содан кейін тапаншасын алып, елшіні бірнеше рет атты. Адамдардың бәрі еденге құлап жатты.

Тоғыз рет оқ тиіп, жарақат алған Карлов оқиға орнында қаза тапты. Ал елшіге оқ жаудырған адамның көзін түрік арнайы жасағы жойды. Ол Мевлют Мерт Алтынташ есімді 23 жастағы бұрынғы полиция қызметкері болып шықты. Андрей Карлов - қызметінде жүріп қаза болған төртінші ресейлік дипломат. Қайғылы оқиғаға орай Ресей президенті Владимир Путин жедел түрде құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесті.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Болған оқиғаға қатысты бір ғана нәрсені айтамын. Ол - лаңкестік әрекетпен күресті нығайту. Тергеу комитеті осы мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғады. Тез арада ведомствоаралық топ құру тапсырылды. Олар жедел түрде түркиялық әріптестермен бірге қылмыстың тергеу жұмыстарына қатысу үшін Анкараға ұшады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Мен Ресей елшілігіне жасалған шабуылды Түркияға және түрік ұлтына жасалған шабуыл деп қабылдаймын. Путин мырзамен телефон арқылы сөйлестім. Екеуміз де мұның арандатушылық екенін айттық. Бізге қастандық ойлағандардың мақсаты - Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасын бұзу. Бірақ оған жол бермейміз.

Андрей Карловқа жасалған қастандық Ресей мен Түркия арадағы қарым-қатынас түзеле бастағанда орын алып отыр. Оның үстіне Анкара мен Мәскеу Сирия мәселесі бойынша енді ғана келісімге келген еді. Біраз күн бұрын әлемдік ақпарат құралдары Путин, Ердоған және Нұрсұлтан Назарбаевтың телефон арқылы тілдескені туралы жазған еді.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Түркияда болған оқиға - жаға ұстатарлық жағдай. Құқық қорғау органының адамы, қару алуға да мүмкіндігі бар.  Бұл түсініксіз жағдай. Мемлекет, әрине, бұған қатысты шаралар қабылдайды. Ресейдің де, Түркияның да президенттері бұл жағдайдың арандатушылық екенін айтты. Дипломатқа қол көтеру - ешқандай адамгершілікке жатпайтын нәрсе. Біз шетелдегі  ресми өкілдер мен қарапайым азаматтарға қатысты қауіпсіздікті күшейтеміз.

Түркияның құқық қорғау органдары Алтынташтың қандай экстремистік топтармен байланысы бар екендігін тексеріп, істің артында кімнің тұрғанын анықтауға кірісіп кетті.

Саламат ОМАШ