$478.96 €533.03 ₽5.22
×

«Ертіс орманы» резерватының экс-басшысы 5 жылға сотталды

AstanaTV
20.12.2016ж. 20:00
2025
«Ертіс орманы» резерватының экс-басшысы 5 жылға сотталды

Жанар-жағармай ұрлады деп айыпталған «Ертіс орманы» резерватының экс-басшысы 5 жылға сотталды. Үкімді Павлодар соты шығарды. Тергеу материалдарына сәйкес, ол бір жарым мың литр бензинге берілген талондарды қолды қылған. Мемлекетке келген шығын 100 мың теңгені құрайды. Кейін анықталғандай, бұл ақшаны облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының басшысына пара ретінде бермек болған.

Гүлсім Ақтаева, Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз хатшысы:

«Ертіс орманы» резерватының бұрынғы бас директоры кінәлі деп танылды. Және оған 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Мүлкі тәркіленген жоқ. Алайда, өмір бақи мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айрылды. Жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.

Пара алу және мемлекеттік мүлікті талан-таражға салу дерегі бойынша тағы екі шенеунік жауапқа тартылды. Олар орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бұрынғы басшысы мен оның қол астындағы қызметкер. Сот екеуіне 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Тергеу материалдары бойынша, экс-шенеуніктер браконьерлікпен айналысқан балықшыларға қамқоршылық көрсетіп келген. Бұл жақсылығы үшін  20 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейінгі мөлшерде сыйақы алып отырған. Бұл істегі тағы бір айыпталушы, балықты заңсыз аулауға рұқсат алу үшін ауызбастырық берді деп айыпталып, 2 жылға темір торға тоғытылды.