$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тоқаев қаңтар оқиғасы туралы: Бір ел болып, бұл дағдарысты ең­­сер­дік

AstanaTV
03.01.2024ж. 13:41
641
Тоқаев қаңтар оқиғасы туралы: Бір ел болып, бұл дағдарысты ең­­сер­дік

«Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы туралы айтты. 

«Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.
Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз сая­си жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсы­нысыммен арнайы құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отырыс­тарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.
Ашығын айтсам, осы жаңа бағдары­мыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», - деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, жоғары лауазымды тұлғалардан тұра­тын бұл топтың күштік құрылым­дарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билік­ті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман да­йын­дыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйы­тылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқық­тық негізі жоқ шешім қабылда­ды. Маң­ғыстау облысында арандатушы­лар­дың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.

«Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден ай­маққа барды. Бірақ наразылық шеру­лері экстремистік сипат алды. Оны қас­көйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды.
Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқын­мен өрбігенін көруге болады.
Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шие­­ленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диа­ло­г­ке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады.
Көптеген аймақта алғашқы қақты­ғыс­тар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын.
Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкес­тер­мен, оның ішінде сырттан келген лаң­кестермен байланысы бар қыл­мыс­тық топтар өршелене іске кіріс­кенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкес­тер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мем­лекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды. Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құ­ралдары бар. Оған қоса, көлік ин­ф­ра­құрылымы және телекоммуникация ны­сандары шабуылға ұшырады. Қарақ­шылар мен лаңкестер өзара ұйым­дасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді.
Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топ­тар және әсіре діншілдер бірге қи­мылдады. Олардың мақсаты ел іші­не үрей туғызу, мемлекеттік инс­ти­тут­тардың қызметін тұралату, конс­ти­туциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сол кездегі ахуал өте күрделі болғанын және еліміз құрдымға кетуге шақ қалғанына тоқталды.

«Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді», - деді ол.

Президент Қазақстанға Ресейдің әске­ри қызметшілерін шақыру қанша­лықты дұрыс шешім болғанын айтты.

«Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік.
Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақ­стан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқа­рып, қасіретті күндерде елді жайла­ған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.
ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды», - деді ол.

Мемлекет басшысы «Демек бұл жүзеге аспай қал­ған мемлекеттік төңкеріс қой. Ендеше Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?» деген сұраққа да өз жауабын берді.

«Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеру­ге автомат, тапанша және суық қару ұс­тап барады?! Ниеті дұрыс адам әске­ри қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкім­шілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді.
Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылу­да. Барып тұрған бұзақыларды ба­тыр­ға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңар­жақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін», - деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар екенін, азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алатынын айтты.

«Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петиция­ларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды.
Сондықтан бір нәрсені анық білуге тиіспіз. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократияның бесігі саналатын батыс елдеріне қара­ңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіп­сіздік жасаған, мемлекеттік орган­дарға шабуылдаған адамның маң­дайы­нан сипап, өбектеп отырмайды.
Полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни биліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан, жағдайды ушықтырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкереледі. Ал тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адам­дар­дың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің бастамаммен рақым­шылық жасалды. Бұған дейін соттал­ған 1205 адамның 1095-і осы рақым­шылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіп­сіздік­ті ұйым­дастырғандар мен лаңкес­тік әре­кеті, мемлекетке сат­қынды­ғы, билік­ті күшпен басып алуға тырыс­қаны және басқа да ауыр қыл­мыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады», - деді Президент.

Ол өкінішке қарай, ішкі саяси дағ­дарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болғанын атап өтті.

«Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екені Қаңтар оқиғасынан айқын көрінді. Біз бір ел болып, бұл дағдарысты ең­­сер­дік, қиындыққа қасқая қарсы тұрып, одан тіпті шыңдалып шық­тық. Азаматтарымыздың бекем бірлі­гінің және барлық деңгейдегі билік өкілдерінің батыл іс-әрекеті­нің ар­қасында алапат апаттың бетін қай­тарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алдық. Кейін кейбір қаскөйлер тергеу кезінде халық жауапты сәтте жұды­рықтай жұмыла біледі, билік қандай қатерге де қаймықпай төтеп бере алады деп еш күтпегенін мойындады», - деді Қ. Кемелұлы.