Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

"Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек", - Президент

03.01.2024ж. 20:00
650
"Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек", - Президент

2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғалармен есте қалды. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Ал саяси реформалар аяқталуға жақын. Өткен жылдағы елеулі оқиғалар мен алдағы жоспарлар туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұқбатында айтты.

Қасіретті Қаңтар оқиғасынан бері тура екі жыл өтті. Шеру алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлер қосылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шиеленісті. Сол сәтте Мемлекет басшысына сақтық үшін резиденциядан кетіп, шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылған. Алайда Президент бұған үзілді-кесілді қарсылық танытқанын айтады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеруге автомат, тапанша және суық қару ұстап барады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді.

Қаңтар оқиғасы кезінде ереуілге еріп, темір торға қамалғандар да болды. Оларға Президенттің бастамасымен рақымшылық жасалды. Сотталған 1205 адамның 1095-і босап шықты.

Самат НҰРТАЗА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қаңтар оқиғасын біз сыртта ғана білеміз. Сондықтан да оны іштей білетін адам болғаннан кейін ол кісі бізден көп біледі. Осы мақалаға қарағанда 2019 бен 2022 жылдың аралығында кейбір проблемалар болғанын шетін шығарып айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына сайланғаннан кейін елімізде қосар-ланған билік жүйесі қалыптасты-мыс деген сөз тарады. Мемлекет басшысы сұқбатта бұл пікірге де жауап берді. Мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек, - деді. «Кеттің бе – қайырылманы” арқау етіп, болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс екенін айтты.

Павел КАЗАНЦЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл сұқбатты кішігірім Жолдау деп айтуға болады. Өйткені мұнда Президент осы күнге дейін қандай жұмыс атқарылғаны, не істелгені туралы айтты. Алдағы жоспарымен бөлісті. Бұған дейін қоғамда қызу талқыланған мәселелерге нүкте қойды.

Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін – Конституциялық Сот қайта қалпына келді. Мәжіліс жаңа сайлау жүйесімен, яғни партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақталатын болды. Мәжілістің өкілеттігі айтарлықтай кеңейді, - дейді Президент. Бұдан бөлек біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Керісінше, реформалардың нәтижесінде адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түсті. Заңдарға қазылардың тәуелсіздігін күшейтетін түзетулер енгізілді. Алқа билердің қарауына жататын істердің аясы кеңейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты толық жұмыс істеп тұр. Оған конституциялық мәртебе берілді. Мен былтыр желтоқсан айында адам құқықтарына қатысты екінші Жарлыққа қол қойдым. Мұның бәрі осы салада дәйекті әрі түбегейлі өзгеріс жасалып жатқанын көрсетеді.

Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Мемлекет басшысы сұқбатта бұл шешім өзгерусіз қалады, - деді. Негізі Мемлекет басшысы жеті жылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтыпты. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таппаған. Өзі Президент болып сайланғаннан кейін, бастаманың артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, Суперпрезидентке тән өкілеттіктерді жою үшін өзгеріс енгізді.

Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бір мерзім, бір Президент қағидатының маңызды екендігі, бұл тек қана Қазақстанға ғана емес, айналамыздағы басқа мемлекеттерге де үлгі-өнеге болатын тренд екендігі, яғни Халықаралық деңгейде өзінің мән-мағынасы бар қадам екендігін қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Жалпы Президент өзінің бүгінгі ұстанымын және келешекке жасаған бағыт-бағдарын сұқбат арқылы айқындады деп есептеймін.

Сұқбат барысында Қазақстанның өзге елдермен байланысы туралы да сөз қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Қытай және Ресеймен байланыс артып жатқанын айтты. Әсіресе аспан асты елімен тауар айналымы биыл 24 миллиард долларға жеткен. Қос мемлекет арасында визасыз режим күшіне енді. Енді тұрғындар «көршілерге» емін-еркін барып, келеді. Осы арқылы кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік зор.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ :

Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мо-йындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды.

Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мо-йындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды.


Сұқбат барысында Мемлекет басшысы жаңа жылдағы жоспарлармен де бөлісті. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форум өтеді. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына төрағалық етеді.