$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбеде маусымдағы теракт кезінде кезекшілікте болған әскерилерге қатысты сот тыңдалымы басталды

AstanaTV
21.12.2016ж. 20:00
2775
Ақтөбеде маусымдағы теракт кезінде кезекшілікте болған әскерилерге қатысты сот тыңдалымы басталды

Бүгін Ақтөбеде маусымдағы теракт кезінде әскери бөлімде кезекшілікте болған 2 қызметкерге қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды. Қайырғали Оразжанов пен Қайнарбек Тастамбековке "қарулы шабуыл кезінде қызметіне салғырт қарады және әскери жарғыны бұзды" деген айып тағылып отыр. Елді елең еткізген процеске Жақсыбек Кемал қатысып қайтты.

Жақсыбек Кемал,  тілші:

Сот залында оқылған деректерге сенсек, 5 маусым күні 66\55 әскери бөлімінде майор Тастамбеков кезекші, ал Оразжанов оның көмекшісі болған. Мемлекеттік айыптаушы "лаңкестер шабуылдағанда олардың әскери жарғыға сай әрекет етпегенін" мәлімдеді. Яғни қылмыскерлерге қарсы дер кезінде қару қолданбаған. Салдарынан екі адам оққа ұшты.

Төрәлі Бәкіров, мемлекеттік айыптаушы:

Шабуыл кезінде майор Тастамбеков өз өмірі үшін қауіптеніп, әскери жарғыны орындамаған. Есіктерді, қақпаларды жабуға пәрмен бермеген. Майор Тастамбеков және Оразжанов тапаншалары бола тұра, қару қолданбай, тек пышағы бар Сапаров пен Шайсұлтанды бөлімге тастап, өздері дәретхана терезесінен қашып кеткен.

Сотқа оқиға болған күні кезекшілікте отырған өзге сарбаздар куәгер ретінде шақырылды. Белгілі болғандай, майор Тастамбеков пен Оразжановтың артынан еріп, қатардағы 2 жауынгер дәретханаға кірген. Алдыңғы екеуі терезеден шығып кеткен соң, тағы бір жауынгер кіреді. Ол үшеуі атысты естіп, іште отырған. "Қаруымыз болмағандықтан, сыртқа шығуға қорықтық", - дейді.

Рамазан Мұсабаев,  Ұлттық гвардияның 66\55 әскери бөлімінің сарбазы:

Біз штабқа қашып кірдік. Алдымен, Шайсұлтан кірді. Одан соң мен. Сапар Досболды байқамадым. Кіре сала бөлім кезекшісінің әжетхана жаққа жүгіріп бара жатқанын көрдім. Оның артында екі жауынгер - Нұралин мен Нұрған болды. Мен де соңынан ердім. Әжетханаға кіріп, жауып алдық. Кезекшінің бұйрығын естімедім. Мүмкін, мен кіргенше айтқан шығар. Мен есікті жауып жатқанда, ол терезеден шығып кетті.

Екінші әскери Оразжанов өзіне тағылған айыпты ішінара ғана мойындайтынын айтты. Ал, Тастамбеков өзін кінәлі санамайтынын мәлімдеді. Айтуынша, ол әжетхана терезесінен қарулы шабуылды хабарлау үшін ғана шыққан.

Қайнарбек Тастамбеков:

Следствие кезінде көп нәрсе не учтено. Көрініп тұр, показание бір-біріне келіспейді. Это тоже доказывает то, что мы не виновны. Кейбір айтқан сөздер, қашып кетті, секіріп кетті деген сөздерге мен келіспеймін. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Тастамбеков келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты өз еркімен жұмыстан кеткен. Куәгерден күдіктіге айналған майор "лаңкестердің оғына ұшпай тірі қалғаным үшін кінәлі болдым" дейді. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ҚР Қылмыстық кодексінің 447 бабы 2 бөліміне сай, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Жақсыбек КЕМАЛ