$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Қарағанды аумағында елеусіз қалған ауыл тұрғындары көмек сұрайды

AstanaTV
22.12.2016ж. 20:00
3168
Қарағанды аумағында елеусіз қалған ауыл тұрғындары көмек сұрайды

Елеске айналған ауыл. Қарағанды қаласынан 6 шақырым жердегі елді мекен тұрғындары ауылға атау беріліп, ресми тіркеуге алынуын сұрайды. Осыдан жарты ғасырдай бұрын құрылып, «6-шы бригада» аталып кеткен шағын ауыл ресми құжаттарда тіркелмепті. Бүгінде бұл ауылға тіпті автобус та жүрмейді. Мәселенің мән-жайын Айжан Қуаш тарқатады.

Оқушылар 6 шақырым жердегі мектепке жаяу бара жатыр. Өйткені ауылда автобус жоқ. Көктайғақта құлап жатқан бүлдіршіндерге ересек балалар қамқорлық жасап үйренген. Елді мекенде 50 шақты оқушы бар.

Сабина Мұхамедиярова:

Өте қиын. Әсіресе қыста қиын. 6-7 км жаяу сортировкаға барамыз. Бәріміз бірге жаяу қайтамыз. Қыста қол-аяғымыз тоңады. Мұғалімдерге звондап, автобус жоқ деп айтамыз.

Мұхамедияровтардың отбасында 7 бала бар. Отанасы автобусты былай қойғанда, қыста жолдың қары да аршылмайды деп ренжулі. Соның кесірінен тұрғындарға жедел жәрдем келе алмайтын кездер жиі болады,- дейді ол.  Медициналық көмекті көпбалалы ана телефон арқылы алуға мәжбүр.

Жаңагүл Мұхамедиярова:

Дәрігерлер бізге келе алмайды. Телефон арқылы температурасын айтып, хабарласамыз. Жол жабықта келе алмайды. Аяғы ауыр әйелдің мерзімі келгенде, скорый келе алмай, МЧС шақырғанбыз.

Расында да жағдай қиын екен. Біздің көз алдымызда жедел жәрдем көлігі қарға тұрып қалды. Сөйтіп, ақ халаттылар науқасқа дер кезінде жете алмай қиналды.

Марина Василийшина, Қарағанды қаласы жедел жәрдем қызметінің дәрігері:

Жол өте нашар. Оның үстіне қары да тазартылмайды. Кейде науқастарға жаяу барамыз.

Айжан Қуаш, тілші:

Атауы жоқ ауыл Қарағанды қаласының Октябрь ауданынан небәрі 6 шақырым қашықтықта орналасқан. Құрылғанына 50 жылдан астам уақыт өтсе де, тіркелмеген. Салдарынан тұрғындар да ешқайда тіркеле алмай отыр.

Қабылбек Кәрімов:

Біздің туыстарымыз бар. Посылка-хат жіберейік десек, ауылдың аты жоқ. Не Октябрь, не Бұқар жырау ауданы екені белгісіз. Құжатымызды әлі заңдастыра алмай жүрміз.

Бар мәселе ауылдың атауы жоқтығына келіп тірелетінін, әкімдіктегілер жақсы біледі. Тұрғындар бірнеше жылдан бері құзыретті орындарға хат жолдап, көмек сұраудан шаршаған. Алайда, билік өкілдері, «Елес ауылдың» бар екенін жарты жыл бұрын ғана білдік, дейді. Енді ауылды алдымен 70 шақырым қашықтықтағы Тұзды ауылының қарамағына енгізіп, кейін іргедегі Қарағанды қаласының құрамына енгізбекші.

Сәуле Бекжанова, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы тұзды селолық округінің әкімі:

Үйлерді аралап, санақ жүргізіп жатырмыз. Бір шатырдың астындағы екі отбасының бірі Октябрь, екіншісі Бұқар жырау ауданында тіркелген. Халық ауыл Октябрь ауданына өткізілсе дейді. Өйткені ол аудан жақын.

Ауылдың аты жоқ болғанымен, жерін осы аймақтағы шаруа қожалықтары меншіктеп алған. Ауыл халқы бұл туралы тек жақында ғана білдік деп отыр. Кәсіпкерлер халықтың малын жайылымға шығартпауға тырысады екен. Онсыз да өркениеттен тыс қалған ауылдың тұрғындары үшін азын аулақ малын бағу да мұңға айналды. Халық құзыретті орындардан ауылдарын тез арада ресми тіркетуге көмектесуді сұрайды. 

Айжан ҚУАШ